×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Заңдағы өзгеріс интернет-алаяқтардан қорғай ма немесе қандай сақтық шараларын білу керек

27.02.2024, 08:35
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бөгде адамның жеке мәліметтерін пайдаланып, несие рәсімдейтін алаяқтардың әрекетінен заңды түрде сақтануға мүмкіндік бар. Қалай дейсіз бе?  Ақпан айында «Банктік несиелер мен микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» тетігі заң жүзінде бекітілді. Бұл кімге қажет, қызметті қалай пайдалану керек және мемлекет қандай кепілдік береді? Ulysmedia.kz зерттеп көрді.

Алаяқтардан қорғану

Қазақстанда интернет-алаяқтық өршіп барады. Несиеге өтінім бермегенімізбен, мойнымызға қарыз ілінуі демде-ақ. Өткен жылдың соңында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха соңғы бес жылда мұндай қылмыстардың саны бес есе өскенін хабарлады. Бірақ үкімет банктік операциялар мен жеке деректерді сақтау салаларында бақылауды күшейтудің орнына, мәселені шешуді азаматтардың өзіне ысырып тастады. Айтқандай, суға батып бара жатқандарды құтқару – олардың өз шаруасы. Өлмесең, өмірем қап дегеннің кері. 

Енді Қазақстанның кәмелетке толған әрбір азаматы алты ай ішінде банктік несие мен шағын несие алудан өз еркімен бас тарта алады. Ол үшін электронды үкімет порталында тіркелу және ЭЦҚ қажет. Бас тарту функциясының күшін жою да азаматтың өз қолында. Процесс толығымен цифрландырылған. 

Банк: «Кепілдік бере алмаймыз»

Бір қызығы, ресми бас тартудың өзі алаяқтардан 100% қорғануға кепілдік бермейді.

   – Қызмет үшінші тұлғаларға (бөтен кісіге) несие алу мүмкіндігін барынша шектейді, бірақ несиенің берілмеуіне толық кепілдік жоқ. Несие беру туралы шешімді несие беруші дербес және өз қалауы бойынша қабылдайды, - делінген электронды үкімет сайтында.  

Яғни, өз еркімен бас тартуды рәсімдеп, бірақ бәрібір алаяқтардың құрбанына айналған қазақстандық азамат мемлекетке ешқандай талап қоя алмайды. Бірақ бас тарту функциясы қосылмаса, тәртіп сақшылары «Өзіңіз кінәлісіз!» деуі әбден мүмкін. Жалған банк қызметкерімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін 200 мың теңгесін ұрлатқан Людмила Акимованың (фамилиясы өзгертілді) естігені – осы сөз. 

Ұшы-қиыры жоқ мәселе

Ұзақ жыл есепші болып жұмыс істеген 50 жастағы алматылық әйел тұтынушылық несие алған. Оған 200 мың теңге несие картасын рәсімдеуді ұсынған. Қала тұрғынының айтуынша, тұтынушылық несиеге өтінім берген кезде несие картасын аштыруға өтініш бермеген екен. Бірақ оған қояр да қоймай осы несие картасын ашып берген. Оның үстіне лимитті миллионға дейін көтеруді табанды түрде талап еткен. Істің ақыры не болды дейсіз бе, Людмилаға несие картасы ашылған, ал оның пайдасын алаяқтар көрген.

– Бір адам телефон соғып, мен бұрын хабарласқан банктің қызметкерімін деп таныстырды. Ол мені аты-жөніммен шақырып, кәсіби және сенімді көрінді. Нәтижесінде ішкі операцияны орындау үшін ол карта мәліметтерін сұрады. Ал телефон арқылы сөйлескеннен кейін мен несие картасынан ақшаның алынғанын көрдім. Және олар картадағы лимиттің қандай екенін нақты білді. Олар бұл ақшаны әлі қайтармағанымды білді», - дейді алаяқтардың тұзағына түскен әйел. 

Жәбірленуші бірден полицияға хабарласқан, өйткені оның қолында ақша аударылған шот нөмірі де, телефон нөмірі де бар. Цифрландыру заманында қылмыскерді табу қиынға соқпайтын шығар деген сенімі түбегейлі күйреген. Полиция әйелді растайтын құжаттары керек деп банкке жіберген, кейін олар (банктегілер) өздері берген құжаттардың дұрыс емес екенін анықтаған. Әрлі-берлі жүргенде бір ай өте шыққан. Полиция сол кезде барып жәбірленуші арызын қабылдаған.

– Ақша шоттан тамыз айында алынған, өтініш қыркүйек айында ғана қабылданды. Ал қазір ақпан айының соңы, тіпті тергеуші маған бір рет телефон соққан жоқ. Олар алаяқты іздеп те жатпаған сияқты. Ақшаны алушы туралы мәлімет бар, ең болмағанда, сол адамнан неге жауап алынбайды? Бұл істе банктердің өзі де ықылассыз. Полицияға құжаттарды алу (банктен)  өте қиынға соқты. Банк те өз тарапынан тексеріп, зардап шеккендерге көмектесуі керек деп ойлаймын. Бірақ олар айыппұл (пеня) жиналып қалмас үшін алаяқтар алған несиені өзіме жабуға кеңес беріп, ақшамды алғаннан кейін әйтеуір тынышталды», - дейді жәбірленуші. 

Интернет-алаяқтардың құпия деректерді алатын өз тәсілдері бар және олар құқық қорғау органдарынан мүлдем қорықпайтын сияқты. Егер олар банктің қауіпсіздік жүйесін айналып өтуді, жеке мәліметтерді алуды және өздерін кәсіби түрде таныстырып, сенімге кіруді жіті меңгерсе, онда несие беруге тыйым салу функциясын алып тастау оларға не тұрады? Мұны уақыт көрсетеді.
Бір септігі тиеді

Бұл ретте қаржыгер Расул Рысмамбетов несие беруден заңнамалық бас тарту функциясын пайдалану еш әрекет етпей отырғаннан абзалырақ деп санайды. 

– Бұл бастама маған ұнайды. Бізде Қаржылық реттеу агенттігі мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыс әлсіз. Қаржылық реттеу агенттігінің іс қозғауға және тергеуге мүмкіндігі жоқ, мұндай істер жедел-іздестіру қызметі туралы заңда жоқ. Алаяқтық азаяды деп ойлаймын. Көбінесе алаяқтар ойлануға уақыт бермейді, ал жаңа норма несие алуға кететін уақытты көбейтеді, осылайша қылмыскердің міндетін қиындатады. Оның үстіне шара (несиеден бас тарту тетігі) ерікті түрде жүзеге асады», - деп түсіндірді Рысмамбетов.

Оның айтуынша, қаржылық алаяқтық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де  ушығып тұр. Біздің алдымызда тұрған мемлекеттердің өзі қылмыстың осы түрінен айтарлықтай зардап шегіп отыр. Қылмысқа қарсы кешенді түрде күресу қажет, ал несие алудан өз еркімен бас тарту қорғаныстың бір ғана жолы болмақ. 

Қалай болғанда да, интернет алаяқтар бір күнде жоғалып кетпейді. Сондықтан тағы бір рет еске салғым келеді: үшінші тұлғаларға (бөтен кісіге) картаңыздың CVC кодын айтпаңыз, деректерді екі рет тексеріңіз және электрондық құжаттарды мессенджерлерде жібермеңіз.

Серіктес жаңалықтары