Бүгін экс-депутат, президенттің штаттан тыс кеңесшісі Мейрам Пішембаев 62 жасқа толды. Бұған қоса 29 қазан – ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың туған күні, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Мұзафар Әлімбаев
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар Әлімбаев 96 жыл бұрын (1923-2017) дүниеге келді. Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1986 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар - жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от» т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітабы шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысты: «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар» және т.б.жинақтар. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармасын қазақ тіліне аударды. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған. Бірнеше орденмен марапатталған.
Мейрам Пішембаев
1959 жылы президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экс-мәжілісмен Мейрам Құдайбергенұлы Пішембаев дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген, зооинженер. Санкт-Петербург қаласындағы Солтүстік-Батыс ветеринариялық академияны тәмамдаған. ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Экономика ғылымдарының докторы. Мұнай саласында бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2007-2021 жылдары мәжіліс (IV, V, VI шақырылымдарда) депутаты болды. 2004 жылғы наурыздан бастап қазірге дейін Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы. 2013 жылдан бастап «Атемекен» ҚР ҰКП төралқасы жанындағы машина жасау және металл өңдеу комитетінің төрағасы. «Достық», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталған.