Ақмола облысында ауылдасы қорлағаны туралы жалған ақпарат айтқан әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы жаз айында Сандықтау ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, ауыл тұрғыны өзін қорлағанын хабарлаған. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
2020 жылдың тамызында қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді.
«Сот тергеуі барысында 32 жастағы әйел полицияға берген айғақтарынан бас тартып, оқиғаның өзара келісім бойынша болғанын мойындады. Бірге тұратын адамның көзіне шөп салғандығын айтып қойған ауылдасына ашуланған әйел, одан әрі қарым-қатынасы туралы уайымдап, полицияға қоңырау шалып, «зорлау» туралы хабарлаған. Ал осы арыз негізінде 7 айдан астам қамауда отырған Сандықтау ауданы тұрғынының конституциялық құқықтары бұзылды, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен соттың күші мен қаражаты негізсіз жұмсалды», - делінген хабарламада.
Сандықтау аудандық сотының үкімімен биылғы жылғы ақпан айында жала жабылған ер адам ақталып, сот залынан босатылды.
«Ал құқық қорғау органдарын жаңылыстырған әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 419-шы бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2021 жылғы тамызда қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді. Осылайша, көрінеу жалған арыз берген әйелді Зеренді аудандық сотын Қылмыстық кодекстің 419-шы бабының 3-бөлігі бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырды. Қазанның 7-де сот үкімі заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта әйел бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр.