Қазақ фейсбугі заңсыз митингтерді бұғаттайтын болады

Ulysmedia

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook-пен ынтымақтастық аясында қандай мазмұндағы контент бұғаттауға түсетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

lsm.kz-нің мәліметі бойынша, министрлік Конституцияға сәйкес республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейтінін айтқан.

Сондай-ақ, «БАҚ туралы» заңда** ақпаратты таратуға тыйым салынған санаттар бар. Оның ішінде:

- мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтерді жария ету;

- есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау;

- қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттау немесе үгіттеу;

- теле, радиобағдарламаларды, теле, радиоарналарды тарату, сондай-ақ порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино-бейне өнімдерді көрсету;

- сайлау заңнамасын бұзу мақсатында бұқаралық ақпарат құралын пайдалану;

- ереуілге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу;

- бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу;

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты насихаттау немесе үгіттеу;

- экстремизмді немесе терроризмді насихаттау;

- ұлтаралық және конфессияаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған материалдарды жариялау және ақпаратты тарату.

"Meta (бұрынғы Facebook) әкімшілігінің мониторингі және хабарламасы CRS көмегімен контентті жою бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі Қазақстан заңнамасының осы талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады"- деп түсіндірді министрлікте.

CRS – бұл компанияның саясаты мен елдердің ұлттық заңнамасын бұзатын мазмұн туралы хабарлау үшін әлем мемлекеттерінің уәкілетті органдарына Meta командасымен тікелей байланыс арнасын ұсынатын компанияның ішкі жүйесі.

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook-пен осы бағыттағы келісім туралы хабарлаған болатын.