Ешкі сүті, мол дастархан. Досмұхамбетовтың тілшілерге тартуы

Ulysmedia

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бір сағатқа созылған баспасөз мәслихатын өткізді. Белгілі болғандай, шенеунік журналистерге құр алақан келмеген. ОКҚ-да жайылған дастарханда шай мен тәтті-дәмділердің түр-түрі болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Әкім журналистерді ешкі сүтін де берді. Осы қонақжайлылыққа қатысты екі мәселе туындайды: журналистік этика және мемлекеттік бюджет.

Ulysmedia.kz журналисті әкімдер кез келген баспасөз қызметі үшін дастархан жайғанда барын салатынын видеоға түсіріп алды. Қазмедиаорталықтың ғимаратында тәтті-дәмділерге толы бірнеше дастархан жайылған. БАҚ өкілдері үшін жайылатын дастарханға кететін қаражат кімнің қалтасынан шығатыны белгісіз, бірақ мемлекеттік бюджеттен емес деп үміттенеміз.

Көрініске қарасақ, тілшілерді бұл жағдай мазаламайтын сияқты – олар Махамбет Досмұхамбетовтың дастарханынан дәм татып, ары қарай баспасөз конференциясы өтетін жерге облыс әкіміне «өткір сұрақтар» қоюға барады. Мұндай мол дастарханнан дәм татқан олар әкімге қандай сұрақ қойғылары келгенін ұмытып қалатын шығар.

Әкім жайған дастарханға «Атырау Агро Өнімдері» шаруақожалығының ешкі сүті өнімі де қойылған. Бұл өнімнің бір литрі 1000 теңгеден басталады, яғни арзан тұрмайды. Махамбет Досмұхамбетов азық-түлік тауарын молынан – бірнеше жәшіктеп алып келген. Журналистерге дәм таттыруға алып келген ұннан жасалған және басқа да тәтті-дәмділердің бағасын қосып есептегенде айтарлықтай қаражат жұмсалғанын аңғаруға болады.