Әкесі ҰҚК-де, көкесі Бас Прокуратурада: Кісі қолынан қаза тапқан студенттің қаны кімнің мойнында

Ілияс Бақыт

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студентінің өліміне қатысты атышулы істің артында кімдер тұр? Наурыз айынан бері қоғамда резонанс тудырған Нұржан Беріктің ісі жұртшылық назарында.

ulysmedia

Бүгін, 2024 жылдың 19 тамызында Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының судьясы Алексей Ан атышулы процеске нүкте қойды. Судья 26 жастағы Сабур Нуритдиновке үкім шығарды. Ол 2023 жылдың 29 сәуірінен 30 сәуірге қараған түні бір соққымен 19 жастағы жігіттің өмірін қиған. Үкімге сәйкес, сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясында өтейді.

Алайда, марқұмның ата-анасы әділдіктің толық орнағанына әлі сенбейді. Сот отырысынан кейін олар: “Нуритдиновтің жазасы тым жеңіл болды, оның үстіне қылмыс бір топ адамның алдын ала сөз байласуы арқылы жасалды және Нұритдиновтан басқа тағы 4 адам болды” дейді.

Неліктен Нұржан Беріктің ата-анасы мен олардың адвокаты осылай деп отыр, Ulysmedia.kz тілшісі сұрастырып білді.

Кездейсоқ кездесу

Марқұмның ата-анасының айтуынша, өткен жылдың 29 сәуірі ұлдары Арман мен Нұржан үшін айтулы күн болған. Үлкені Арман Орталық Қазақстан академиясында дипломын ойдағыдай қорғап, магистратураны аяқтаса, Нұржан ҚарМУ-дың әскери кафедрасының нормативтерін «үздік» деген бағаға тапсырған.

- Арман Астанада тұрады, сондықтан 28 сәуірде Қарағандыға диплом жұмысын қорғауға келді, - деп еске алады балалардың әкесі Жастілек Рыспеков.

- Ұлдар күндіз туыстарына барып, туған қаласын аралап, кешке қарай Астанаға бірге аттанбақ болды. Өкінішке қарай, біз оларды ұзақ жолға таңертең шығуға көндірдік. Осындай қайғылы жағдайға душар болатынын білсем ғой! Әрине, жігіттер көтеріңкі көңіл-күйде болды, кешке балалар TEDD рестобарына барамыз деп шешті, олар сонда бір сағаттан сәл астам уақыт болды, содан кейін ол жерге Ерсін Мақашев есімді жігіт достарымен бірге келген.

Марқұмның әкесінің айтуынша, олармен үш жыл бұрын осындай бір отырыста кездейсоқ танысқан Нұржан өзінен үлкен Ерсін Мақашевпен ренжісіп қалған.

- Ол кезде Нұржан 15 жаста еді, ол бір қызбен сөйлесіп жүрген, ол Мақашевтың қарындасы болып шықты. Дәл сол кезде Мақашев оларды көріп, жанжалдасып қалған. Екінші кездесуде Нұржан Ерсіннен ағамды танисың ба деп сұраған екен, ол Арманды танымаса да сыртынан балағаттап, намысқа тиетін сөздер айтқан.

Соңғы кездесулерінде де жігіттер сөзге келіп, оның арты дауға ұласқан.

 Тергеу барысында Арман Рыспек сол кеште болған оқиғаны айтып берді. Айтуынша, Нұржан ағасына осыған дейін ол туралы жаман сөз айтқан адамның рестобарда отырғанын айтқан. Осыдан кейін Мақашев Арманға келіп, көшеде сөйлесейік деген. Нұржан олармен бірге далаға шыққан. Арман Ерсінмен сөйлесуге барғанда, төбелесу туралы еш ойламағанын, тек Мақашевтың ендігіде өзінің інісіне тиіспеуін сұрағанын айтты.

Бірақ Ерсін сыртқа шығып сөйлесуді өзінше түсінген. Ол мұны төбелеске шақырып тұр деп қабылдап, ағайынды екі жігіттің сыбағасын беру керек деп ұйғарған.

Қорғаушылары кімдер?

- Ұлымыз қайтыс болғаннан бері талай түнді жылаумен өткіздік. Оқиға болған түнгі қылмыстық жайтты видеокамераға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген барлық бейтаныс жанға рахметімізді айтқымыз келеді. Себебі ол бізге көп көмектесті, - дейді  марқұмның анасы Айгүл Рахымбекова.

 - Егер осы видеолар болмағанда мәселенің қалай шешілерін кім білсін. Мүмкін, ешқандай сот та болмас та еді. 

Марқұмның ата-анасының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу сатысында бейнежазбада тайға таңба басқандай анық түсірілген нәрселерді құқық қорғау органдары елемеген, ал барда орнатылған бақылау камераларынан алынған кейбір бейне жазбалар, күдіктілерді ұстаған полиция қызметкерлерінің камерасындағы айғақтар ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

- Тергеуге жай ғана куәгер ретінде шақырылған, бірақ іс жүзінде адам өліміне әкеп соқтырған жанжалды бастаған Ерсін Мақашев ҰҚК Қарағанды ​​облыстық департаментінің бөлім басшысы Манас Мақашевтің ұлы, - дейді марқұм Нұржан Беріктің әкесі Жастілек Рыспеков.

– Оның үстіне адвокатымызға өзін Ерсін Мақашевтың ағасымын деп таныстырған адам телефон соғып, Бас прокуратурада қызмет ететінін айтқан.  Сөз арасында егер айтқаныма көнбесең, ісім сенімен болсын дегенді меңзеген. Бұл әңгіменің дыбыстық жазбасы сақталған, егер олар қандай да бір қысым жасаса, онда жазбаны жариялаймыз. 

Тергеу сатысының өзінде марқұм Нұржанның ата-анасы полицейлердің жұмысына қатысты көптеген арыз-шағымдар мен өтініштер жазған. Дегенмен, тергеу өз бағытын табандылықпен қорғаған. Полициядағылар марқұм Нұржан Берікке ауыр соққыны Нуритдинов жасады, қалғандарының барлығы сыбайлас емес, тек куәгер болды деген нұсқаны алға тарта берген.

Видео алдамайды

Алайда TEDD рестобарының алдындағы бейнебақылау камерасының жазбалары мұның керісінше екенін анық көрсетеді. Жазбада Ерсін, Арман, Нұржан шығып жатқан сәт таспаланған. Алдымен, екеуі тұрып сөйлеседі, сосын Арман Ерсінге жақындап, қол алысу үшін қолын созады. Ерсін Арманның қолын қысып, жолдың шетіне қарай ығысады. Сосын ағайынды жігіттерге бірдеңе дейді, олар оның соңынан ереді. Ағайындылар Ерсінмен қоштасып, екі жаққа кетуді көздеген сияқты, бірақ Мақашев әңгімені жалғастыруды талап еткен.

- Айта кететін жайт, әңгімелесу барысында екі ағайындының дене қимылдарынан, өздерін ұстауынан агрессия белгілері еш байқалмайды, - дейді зардап шеккен тараптың адвокаты Шырын Әмірғалиева бейнежазбаны талдай отырып.

   - Ал Мақашевтің қимылдары шалт, өзіне сенімді, жасырын агрессия мен шабуылға дайындығы байқалады.

Жігіттер жол жиегіне тоқтап, әңгімелерін жалғастырады. Ал кадрда тағы екі жігіт пайда болады: біріншісі BOGNER деген жазуы бар футболкада, екіншісі - NOTORIUS B.I.G деген жазумен жазылған ұзын жеңі бар қара күртеде. Тергеу анықтағандай, олар Олжас Айдарханов пен Ахмет Садуллаев. Тұрыстарына қарағанда, Мақашев пен ағайындылардың арасындағы әңгіме оларды да қызықтырған секілді. Олар жақын жерде тұрып, біраз уақыт әңгімелерін тыңдайды. Содан Садуллаев смартфонын оң құлағына тақап, рестобарға қарай кетіп қалады, Айдарханов сәл кейінірек оның соңынан еріп, екеуі бірге бастапқы орындарына оралады. Мақашев оң қолымен Арманның иығынан ұстап, оны шетке шығуға шақырғандай болды.

- Бұл эпизодтан Мақашевтің әңгімені аяқтағысы келмегенін және ағайындыларды әдейі адам аяғы аз жерге апарып, көмек келгенше уақыт созып тұрғанын байқауға болады, - деп түсіндіреді адвокат Әмірғалиева.

– Мақашев ағайындыларды жолдың арғы жағында орналасқан трансформатор кабинасына апара жатқанда, Айдарханов мейрамханаға кіріп кетті, ал Садуллаев болып жатқан оқиғаларды бақылау үшін қалып қойды. Осы кезде ол біреуге телефон соқты.

Жазбаның 17-минутында Мақашевтың достары Сабур Нұритдинов, Әлібек Тілемісов және Шәріп Нұрмағамбетов рестобардан атып шыққаны таспаланған. Сөйлесіп жатқан адамдарға жақындап, олар бірден шабуылға көшеді. Нуритдинов күтпеген жерден Нұржанның бетінен бір ұрады. Шабуылды күтпеген жігіт кері шегінеді де, Нуритдинов оны іштен теуіп жібереді. Осы кезде Мақашев ағасы Арманның қолынан ұстай алады. Ал Тілемісов інісіне көмекке ұмтылған Арманды екі рет ұрады.

Сәйкессіздіктер мен қайшылықтар

- Нұржан Беріктің бетінен дәлдеп ұрған Нұритдиновтың бірінші соққысы қатты тигені соншалық, Нұржан сол жерде жан тапсырған, - дейді адвокат.

   – Мұны кейін сараптама да растады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетуге үлгермеген, себебі Нұржан бұл кезде көз жұмған болатын. Дәрігерлер тек оның қайтыс болғанын тіркеген. Ал қайғылы оқиғаға себепкер болған топ оқиға орнынан қашып кеткен. Олар Мақашевтың «Лексус» көлігіне отырып, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейінірек олар жауап алу кезінде мәлімдегендей, олардың Астана әуежайында кенеттен бір шаруалары шығып қалған-мыс. Полиция оларды Теміртау қаласының сыртынан ұстады.

Жәбірленушілердің айтуынша, ұстау, қамауға алу жағдайларының өзі де өте түсініксіз әрі көңілге күдік ұялатады.

- Іс материалдарында мазмұны жағынан бір-біріне қайшы келетін құжаттар бар. Олар:  Нұрмағамбетов пен Мақашевқа қатысты толтырылған полицияға бағынбау бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар, ұстаған қызметкерлердің хаттамалары, жауап алу хаттамалары, - деп атап өтті адвокат Әмірғалиева.

   - Қарағанды ​​ПБ патрульдік полициясының кейбір қызметкерлері қашқындар мінген көлік жол жиегіне өздігінен тоқтағанын, ал басқа қызметкерлер жүргізушінің тоқтау туралы бұйрыққа бағынбай, сондықтан әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанын айтады. 

Ұсталғандар бірауыздан Мақашевтың көлігін Нұрмағамбетов жүргізді деп мәлімдегендіктен, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылуы керек еді. Алайда, бастапқыда Мақашевқа қатысты хаттама толтырылған, Тілемісов өз куәлігінде көлікті оның иесі Мақашев жүргізгенін айтқан. Шамасы, ол тұтқындау кезінде полицияға бағынбаған, бірақ оның қылмысын жуып-шаю мақсатында кейін түсініктеме өзгертілген. Сондықтан Нұрмағамбетов құқық бұзушы рөлін өз мойнына алған.

Марқұмның ата-анасы өз шағымдарында машина ұрлығын анықтаумен айналысатын бөлімнің қызметкерлері қызметтен тыс уақытта, яғни үйде жатқан жерінен телефон арқылы дереу  шақырылып, қашқандарды ұстау операциясына қатысқан.

- Іс материалдарынан анықталғандай, полиция қызметкерлері Отарбаев М.Н. және Жүнісбековке Қарағанды ​​қалалық ІІБ полиция қызметкері Өскенбек Р.Г. хабарласып,  «Нива» көлігімен шығып, Мақашевтың көлігін тоқтатуды сұраған. Неліктен екі қызметкердің де кезекшілікте болмай, полиция басшылығының бұйрығы немесе нұсқауымен емес, тіпті бір бөлімде жұмыс істемейтін Өскенбектің қоңырауы бойынша кенеттен келісім бергені бізді қатты таңқалдырады. Кезекшілікте де жоқ бұл үш полиция қызметкері неліктен Мақашев пен оның достарына ерекше көңіл бөлді екен?

Барлығын еске түсіру…

Мойындау керек, соқырға таяқ ұстатқандай анық істе сәйкессіздіктер өте көп. Сондықтан қайтыс болған жігіттің ата-анасы тергеу ісіне күдіктенуге толық негіз бар.

- Бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша іс аумақтық тәртіппен Қарағанды ​​қаласының Орталық полиция басқармасында қозғалған, - дейді заңгер Шырын Әмірғалиева.

   – Бірақ кейін Қарағанды ​​қаласының полиция бөліміне ауыстырылады. Нуритдинов күдікті деп танылса, Мақашев, Тілемісов және Нұрмағамбетовтер куәгер мәртебесіне ауыстырылады. Біздің ойымызша, бұл алдын ала сөз байласу арқылы топ адамның жасаған қылмысы. Осы істе Ерсін Мақашев ұйымдастырушы және сыбайлас, ал Тілемісов пен Нұрмағамбетов сыбайластар болуы тиіс еді.

Полиция қызметкерлері Сабур Нуритдиновтің еркін күрестен спорт шеберіне кандидаттық атағы барын, жекпе-жектен бірнеше рет жүлде алғанын есепке алмағаны марқұмның туыстарына күдік ұялатқан. Спорт шеберіне кандидаттың адамның қай жерінен және қандай күшпен соғу керектігін білмеуі мүмкін емес.

- Нұритдинов өзінің спорттық жетістіктерін үзілді-кесілді жоққа шығарды; тергеуге оның спорт мектебіне бармағаны және ешқандай марапаттары жоқ екендігі туралы спорт бөлімінен анықтама берілді, - деп ашуланды адвокат.

- Алайда спорт басқармасына қойған сауалымызға мүлде басқа жауап келді. Сонымен қатар, біз Нуритдинов түрлі чемпионаттардың жеңімпазы ретінде көрсетілген ЦСК клубының аккаунтынан жазбаларды скриндеп үлгердік.

Жүрген жерін өртеп жүретіндер

Марқұм Нұржан Беріктің ата-анасына өз бетінше тергеу жүргізуге тура келген. Тергеу кезінде анықталған жайттарды мемлекеттік органдарға да хабарлаған.  Олар әлі де әділдіктен үмітін үзген жоқ және мүмкіндігінше оны іздей өз бетінше іздей бермек ниетте.

- Мақашев пен оның серіктерінің тәртібі 2023 жылдың 30 сәуіріндегі оқиғаға дейін де тәуір болмаған, - дейді марқұмның әкесі.

   – Сонау 2023 жылдың қаңтар айының басында сол TEDD барында Нуритдинов Сұлтан Байболовты пышақтап кеткен. Ал 2023 жылдың 5 қаңтарында Мақашев баламыз Нұржанның сыныптасы әрі досы Нардан Жазықбаевты аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушілердің ешқайсысы Мақашевтың айналасындағылардан қорқып, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласпаған.  Нұржанды өлтіргеннен кейін жәбірленушілер арыз жазып, оның негізінде қылмыстық іс қозғалған. Үлкен ұлымыз Арманға негізсіз шабуыл жасап, соққыға жыққан Тілемісовке қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бірақ 2024 жылдың наурызында, сот процесі жүріп жатқанда, біз бұл қылмыстық істердің барлығы 2023 жылдың қазан айында тоқтатылғанын білдік! Тергеуші Жасұлан Кенжетаев оларды негізгі іске тіркеймін деп бізді соңына дейін сендірді.

Жастілек Рыспеков әділдік іздеу үшін полиция департаменті мен облыстық прокуратураның басшылығына жетуге тура келді деп сендіреді. Қай жерде болса да түсіністікпен, жанашырлықпен қарсы алды, объективті тергеуге жан-жақты көмек көрсетуге уәде берді, бірақ... нәтиже көрініп тұр.

Жастілек Рыспеков әділдік іздеп полиция департаменті мен облыстық прокуратураның табалдырығын тоздырған. Қай жерге барса да құқық қорғау органдарының басшылары түсіністікпен, жанашырлықпен қарсы алған, бәрін объективті тергеуге, жан-жақты көмек көрсетуге уәде бергенді, бірақ... нәтиже өзінен-өзі көрініп тұр.

Ол қандай жігіт еді!

Үкім оқыларда Нұржанның өліміне кінәлілердің ешқайсысы өкініш білдірмеген, тіпті ата-ана, туыстарынан кешірім де сұрамаған. Ол былай тұрсын, марқұмның өзін кінәлап, аруағын қорлаған.

- Үш ұлымыздың ішінде ең мейірімді, ең қамқор, ешкімге қарсы сөз айтпайтыны Нұржан еді, - дейді көзіне жас алған анасы Айгүл Рахымбекова.

   – ҚарМУ-дың экономика факультетінің 2 курс студенті, оқу ісінің үздігі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз факультетінің жастар ісі жөніндегі комитетін басқарды. Ол президенттік стипендияға үміткер болды. Студент алмасу бағдарламасы аясында үздік студенттердің бірі ретінде Нұржан 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Астанадағы КазГЮУ-ға оқуға жіберілді. Нұржан университетке түсер алдында мамандандырылған мектеп – Н.Нұрмақов атындағы лицейде білім алған. Жоғары лауазымды туыстарының артына тығылған қанышерлердің қолынан Нұржанның қайтыс болғаны туралы хабарды оның ұстаздары да алғаш естігенде қабылдай алмаған.

Ата-анасының айтуынша, спортпен белсенді айналысып, бокс пен джиу-джитсу жарыстарына қатысып,  жүлдегер атанып жүрген Нұржан сол түні өзін-өзі қорғай алар еді.  Алайда ол аңғалдығына басып, басқалардың мұншама қаныпезерлік жасайтынына сенбеген секілді. Сондықтан ол күтпеген жерден және арамдықпен жасалған соққының құрбаны болды.

- Білесіз бе, қайғылы оқиға қарсаңында Нұржан екеуміз ас үйде шай ішіп отырғанбыз, ол маған Мақашевтың агрессиясын айтып берді, - деп еске алады марқұмның әкесі.

- Мен ұлыма: Назар аударма, сенің өмірде өз жолың, өз мақсаттарың бар, - дедім. Ал қазір мен солай айтқаныма қатты өкінемін! Мен сол кезде Мақашевтың әкесіне телефон соғып: «Ақымақ балаңа тәртіп бер!» деп айтқанымда, мүмкін біздің Нұржан қазір тірі болар ма еді.