Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов қалай министр болғанын еске алды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Денсаулық министрі болып маған дейін орыс отырды 10 жылдай. Кезек келген сияқты. Қонаев керемет азамат еді ғой. Соны ауыстыру керек болғанда менің кандидатурам түседі есіне. Ол кезде Ақтөбеде ректормын. Фазылов дейтін бөлім меңгерушісінен мен туралы пікір білуді тапсырады, қандай характеристика береді екен дейді», – деп естелігімен бөлісті дүйсенбі таңертең академик әлеуметтік желідегі парақшасында.
Содан сол кездегі Қазақстан басшысы, көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа тиісті мәлімет жеткізілген.
«Сұрайды. Сосын Қонаевқа келіп: «Сұрадым. Жақсы ұйымдастырушы, білгір басшы деп жатыр. Бірақ... Бірақ, барып тұрған ұлтшыл дейді»,- депті. Сонда Қонаев: «Нағыз керегі осы», - депті.
Оны кейін естідім. Бір жылдан кейін сол Фазылов: «Қалай келгеніңді білесің бе, Димекең осылай айтқан еді. Қиын жағдай болады ғой деп, біз айтқан жоқпыз»,- деді», – деп еске алады бүгінде жастарға айтары бар ақсақал.
Замандас тұлға туралы тебіренісінің соңында Төрегелді Шарманов денсаулық сақтау саласына жетекшілік еткенде бағынған белестерге тоқталып өтті.
«Жүрегі қандай Дінмұхамед Ахметұлының... Соған тойтарыс берудің өзі қиын дүние ғой қарасақ. Ұлтшыл деп айып тағып жіберуге де болады. Мен бірақ айыптан қорыққан жоқпын. Сөйтіп он жылдан аса министр болдым. Министрлікте жүріп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ арқылы алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында Алматы халықаралық конференциясын ұйымдастырдым. Оны БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ісіндегі ең ірі оқиға деп таныды. Қорытындысында декларация қабылданып, барлық мемлекеттер адамдарға алғашқы медициналық көмек беру құқығына ие болды. Декларация Ұлы Хартия аталып кетті».