Мамин шекара маңындағы өңір әкімдеріне эпидахуалды бақылауды тапсырды

Аян Өрібай

Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша өзге елдемен шекаралас өңірлер дәл қазір сақтанып, әкімдер эпидахуалды бақылауды күшейтуі тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Инфекциялық ауруханалардағы орындардың қамтылуы 30%, ал реанимациялық орындардың қамтылуы 25% құрайды. «Қызыл аймақта» 2 өңір – Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалып отыр. Сары аймақта – 4 өңір, жасыл аймақта – 11 өңір. Дегенмен вирустың таралу деңгейі шекаралас мемлекеттерде өскенін ескерсек, санитариялық талап шаралары жаппай сақталуға тиіс. Әсіресе шекара маңындағы өңірлер эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау қажет», - деп ескертті Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясынан қорғанудың маңызды тәсілі - вакцина. Сондықтан оның қарқынын одан әрі ұлғайту керек.

«Бүгінгі күні бірінші компонентті 8,7 млн адам салдыртты – бұл 18 жастан асқан тұрғындардың 76%, екінші компонентті  шамамен 8 млн адам алды – бұл халықтың 70% жуығы. Тұмаудан вакцинациялау 99 пайыздан асты. Кеше барлық өңірлерде коронавирус бойынша қайта вакцинациялау басталды. Ол үшін вакцина қоры жеткілікті. Вакциналарды сақтау мен тасымалдау режимін қамтамасыз ету аса маңызды. Әкімдерге аталған мәселелерді жеке бақылауда ұстауды тапсырамын», - деп түйіндеді Асқар Мамин.