Қазақ кілемдерінің ғажайып әлемі: Астанада ерекше көрме ашылды

Аян Өрібай

Астанада «She Rug» атты көрме ашылды. Бұл бірегей экспозиция қазақтың ежелгі қолөнері – кілем тоқуды жаңғырту және сақтауға арналған, шеберлердің дәстүрлі әрі заманға сай жұмыстарын ұсынады. Көрмені астаналықтар сол жағалауда орналасқан ForteBank ғимаратында тамашалай алады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

АШАРШЫЛЫҚ КЕЗІНДЕГІ ӘКЕНІҢ ЗАРЫ

Көрме 17 қазаннан бастап 8 қарашаға дейін Forte Kulanshi Artspace галереясында өткізіледі. Оның ашылу салтанатына өнер адамдары жиналып, қолөнер иелері шығарған кілемнің түр-түрін тамашалады.

Көрменің орталық бөлігі ShyraQ әлеуметтік жобасы болмақ. ShyraQ – бұл қолөнердің үздік дәстүрлерінде орындалған кілемдер арқылы Қазақстанның оқиғаларға бай тарихын және ерекше мәдениетін жаңғырту мен сақтау үшін құрылған бренд. Әр кілем Түркістан облысының әжелері мен жас аналарының қолымен тоқылған.

Ulysmedia.kz тілшісіне ShyraQ компаниясының басшысы Сандуғаш Бейсенбекова бір туындының тарихын айтып берді. Жайнамаз стилінде тоқылған шағын жеті кілемшенің үстіне бірінен кейін бірі үлкен, фольгадан құрастырылған жеті компонент тұр. Бұл туындының жұмыстың аты – «Шырақ» екен.

Сандуғаш Бейсенбекова

«Бұл инсталяция Ақнұр деген хас шеберіміздің тағдырымен байланысты. Бұл біздің қазақтың көп айтылмайтын тарихының бір парағын ашады.

Оның тарихы мынадай: Ақнұр есімді қыз 10 жасынан бастап кілем тоқи бастайды. Бірақ оның нағашы әжесі онысына өте қарсы болады.  Кілемдерінің бәрін далаға лақтырып тастап, «мұны тоқыма» деп тыйым салады. Ақнұр тоқыма өнерін қатты жақсы көрген соң апасынан тығылып тігіп жүреді. Бір күні Ақнұрдың әкесі апаттан қайтыс болып, анасы бүйрек ауруына шалдығады. Сол кезде 15 жастағы Ақнұр сабаққа бармай, түні бойы кілем тоқып, анасын емдеуге ақша табады. Мұны көрген Ақнұрдың әжесі оның аяғын сүйіп, жылаған екен.

Сөйтсе, нағашы әжесі кілем тоқығанды неге жек көргенін былай түсіндірген екен: менің әкем Мұхамет деген кісі еді. Ол кісіде 7 бала болған. Ең үлкені 14, кішісі 7 жаста екен. Ашаршылық кезінде Ауғанстанға ауып кеткен Мұхаметтің шекарадан өтер кезде қолында екі кілем, 7 шиіттей баласы болған екен. Сонда шекарадан өтіп бара жатқанда шекарашы жігіт Мұхаметке «маған не кілем бер немесе қызыңды қалдыр» депті. Әкесі қанжылап тұрса да, сол кезде жеті жастағы қызын тастап кете барады. 14 жастағы қызы әкесін содан бері кешірмей «дүниеқоңыз болған» деп жек көріп кеткен екен. Дұғасын өмір бойы 7 жастағы сіңлісіне арнайды екен. Өмір бойы Өзбекстанға, Ауғанстанға, Тәжікстанға хат жазып, сол қызды таба алмай өтіпті. Ақнұрдың әжесі «қызын тастап кеткен әкемді енді түсіндім, егер ол кілемді тастап кетсе, барлық баласын өлтіріп алар ма еді, бір кілемді ертең нанға айырбастап, қалған баласын сақтап қалам ба» деген үміті болған екен. Бірер жылдан соң Қазақстанға көшіп, Ақнұрдың шешесі дүниеге келеді.

Мен сол әңгімеден шабыт алып, осы инсталяцияны жасадым. Мына фольга – сол жайнамаз бен бетіндегі фольга сәждеге құлаған әже. Жеті жас – жеті жайнамаз. Бұл жерде өнер арқылы ащы болса да шынайы тарихымызға үңілуге тырыстым. Осындай мүмкіндік бергеніне ForteBank пен Forte Kulanshi Artspace-ке мың алғыс! Өткен жылдың тамызында Бекжан Пірматов мырзаға келіп, қолдау көрсетуді сұрадым. Менің сөзімді жерге қалдырмады. Басты мақсатым – осы көрмені шет елдерге, оның ішінде Ұлыбританияға, Францияға апару. Астанадан кейін Шымкент, Алматыға барамыз», - дейді Сандуғаш Бейсенбекова.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАП КЕЛЕМІЗ

Көрмеде Әлібай Бапанов, Мәлік Мұқанов, Ботагөз Төлеш, Құндыз Жилыбаева және Мереке Айдарша сияқты танымал гобелен шеберлерінің жұмыстары, сондай-ақ ShyraQ жобасының қатысушылары орындаған кілемдер ұсынылған. Экспонаттардың арасында әлемдегі ең көне Пазырық кілемінің бірегей жаңғыртылған жәдігерін көруге болады.

«She Rug» көрмесі қазақтың дәстүрлі кілем тоқу өнерінің көркем құндылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оның маңызды әлеуметтік миссиясына – Қазақстанның ауылдық жерлерінде тұратын әйелдерді қолдау, оларды жұмыспен қамту және ежелгі өнерді сақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру мүмкіндігіне ерекше көңіл аударған.

ForteBank тарапы бұл мәдени жаңғыру мен ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал ететін жобаны мақтанышпен қолдаймыз дейді.

Бекжан Пірматов

«Біз 2016 жылдан бері өнер саласын қолдап келе жатырмыз. Forte Kulanshi Artspace галереясында алуан түрлі шеберлер өздерінің қолөнерін, туындыларын паш етуде. Бірақ бүгінгі өнер көрмесінің жөні бөлек, себебі ұлттық нақыштағы кілемдер көрсетіліп жатыр. Ал бұл – ұлттық өнердің бір нышаны. Меніңше, Қазақстанда тұрып жатқан азаматтар ұлттық өнерді қолдап, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптей білуі керек. Сондықтан қазақ өнері мен мәдениетіне бей-жай қарамайтын азаматтарды  көрмеге келуге шақырамыз», - дейді ForteBank басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.

Forte Kulanshi Artspace-тегі көрменің есіктері 2024 жылғы 8 қарашаға дейін көпшілікке ашық. Оны кіріп, көру тегін.