Елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде достарымен бәстесіп, субұрқаққа секірген 19 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, полицияның «102» арнасына «Mega SilkWay» сауда ойын-сауық орталығының субұрқағына екінші қабаттан жас жігіттің секіргені туралы хабарлама түсті.
«Елорданың 19 жастағы тұрғыны достарымен бәстесіп, 1 қабатта орналасқан субұрқаққа секірген. Қауіпті әрекетке орталық келушілері куә болған. Жас жігітті сауда ойын-сауық орталығының күзетшілері ұстап, полиция қызметкеріне тапсырды. Қоғамдық тәртіпті бұзушы Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізілді», - делінген хабарламада.
Құқық бұзушының үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабымен әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ол қамауға алынды. Ұсталған жігіт бұған дейін Алматы метросында музыка дауысын қатты қойып, кішігірім бұзақылық жасаған үшін жауапкершілікке тартылған.