Kcell басшысы жарты миллиард теңгені құмар ойынға құртқан

Ulysmedia

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «Kcell Solutions» ЖШС бұрынғы қаржы директорына қатысты жалған құжаттарды пайдалану арқылы жалпы соммасы 450 миллион теңге компанияның сенiп тапсырылған мүлкiн аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі жүргізілуде екенін мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

Тергеу кезінде анықталғандай, компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпан айы мен 2021 жылдың сәуір айы аралығында 258 миллион теңге ақша-қаражатын 5 компанияның есепшотына алдын ала түзілген жалған келісімшарттар мен бухгалтерлік құжаттар негізінде және өзінің айлық есепшотына негізсіз 192 миллион теңгені аударып, нәтижесінде қолма-қол ақшаға айналдырып жымқырған.

Осылайша меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына, яғни бақылаушы акцияларының 51% «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі «Кселл» АҚ-на аса ірі мөлшерде залал келтірген.

«Күдікті азамат жымқырған ақшаны «PariMatch» және «Олимп» букмекерлік кеңселерінде ұтылған», – дейді агенттіктен.

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау шарасы қолданылып отыр.

Тергеу амалдары жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етілмеуде.