Ресейдегі белгілі қазақтың анасынан алған батасы елді елжіретті

Алдаберген Кемпірбаев

Көрші Ресейдің шоу-бизнесінде танымал, медиаменеджер Арман Дәулетияровтың анасының разылығын алуға тырысуы, үйінен ол кісінің батасынсыз шықпауы желідегі жұртты елжіретіп, көзіне жас алдырды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Арман Дәулетияровтың парақшасынан
Арман өзінің жеке парақшасында анасымен қимай қоштасатынын, бейнежазбаны сағынғанда қарап отыру үшін әдейі түсіргенін жазып, оқырмандарына міндетті түрде қымбат жандарына қоңырау шалып, жақсы көретіндерін айтып тұруды кеңес етті. Жалпы сырттай қараған жанды еріксіз сүйсіндіретін сұхбат келесідей өрбіді.
«Әуежайға шығайын деп жатырмын. Анам әдемі киініп алды», - деген оның бетінен анасы сүйіп, «жаным аман жүр, жолың болсын, ғұмырың ұзақ болсын, балаларыңның қызығын көр. Өліп қалсам жылама, мен саған ризамын», деп ағынан ақтарылады. «Ауырма, жылама, өлме», - деп әзілдеп күледі ұлы. «Неменеге жүзге дейін жүрем бе? Тастан жаратылғанмын ба? Бақтың-қақтың, курортқа апардың, үй салып бердің. Ақ сүтімді кешірдім, мақсатыңа жет. Балаларың өсіп, келін ал, немерелі бол. Қосағыңмен қоса ағар», – деп батасын берді кейуана оған.
Тағы бір әңгіме соғым жайлы жүрді. Онда Айман есімді қария ауылда перзенті Арманды бәрі танитынын айтып, қарны ашпайтынына сендіреді. Бейнежазба авторы болса, егде жастағы жанның денсаулығына алаңдап, туысқандарды көп араламап, қонаққа бармауын сұрайды.
 
Соңында ананың қолын жайып, дұға жасағаны көрінеді.