Журналистиканы Қазақстанда аса тартымды сала деп айта алмайсың. Жұрттың балалары жаппай «тілші боламыз» деп асықпайды. Мамандық үшін жоғары оқу орындарында бөлінетін грант саны да көп емес. Алайда салаға қызығатын жастар жоқ деп тағы айтуға келмейді. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан мықты маман болу үшін жаңалық, мақала, репортаждан бастап, үлкен қоғамдық еңбекке дейін орасан зор жолды басып өту керек. Дәл осы жолда медиамаман, «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы, журналист Жанар Байсеміз жас журналистерге қандай ақыл айтады.
Мұны сала маманы Атырау журналистерімен кездесу барысында айтып берді.
ЖУРНАЛИСТКЕ АМБИЦИЯ КЕРЕК
Жанар Байсеміздің айтуынша, журналистік шеберлік ең алдымен, тіл тазалығынан, сауатты жазудан басталады. Ол ең әуелі, телевизиядағы еңбек немесе мақала жазуды көркем әдебиетпен шатастырмауға шақырады.
«Журналистерлерге ең алдымен, табандылық керек. Табандылықтан табыс келеді. Табыс деген энтузиазмды жоғалтпастан, сәтсіздіктен сәтсіздікке қарау қозғалу. Бұл менің емес – кезінде Ұлыбританияны басқарған Уинстон Черчильдің сөзі. Журналистерге де осы қасиет аса маңызды әрі қажетті дер едім. «Бейбітшілік жауынгері» деген кинотуындыда «бақыт – мақсатқа жету емес, ол – мақсатқа жету жолындағы жүріп өткен жол» дейді. Журналисте керек десеңіз, амбиция да болуы керек. Тек жақсы жағынан! Атаққұмарлық немесе амбиция – адам бойындағы мансапқа, даңққа қызығушылық, өркөкіректік пен өзімшілдік қасиет. Мансапқұмарлыққа ұқсас», - дейді медиамаман.
Жанар Байсеміздің пікірінше, амбицияның жақсы жағы – адам өзінің күшті жағын және кемшіліктерін түсінеді. Ол өз ресурсын қалай пайдалануды біледі, не алғысы келетінін және бұл үшін қандай күш салу қажетін біледі. Ол ешқашан қол жеткізген жетістіктеріне тоқтамайды, өзін-өзі дамыту процесі үздіксіз жүреді
ҚАНДАЙ ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫҢ КЕЛЕДІ
Медиамаман десе де, тәкаппарланбауға шақырады. Журналист ең әуелі адамдарды тыңдай біліп, алдына қойған мақсаттарына жетуге ұмтылуы тиіс.
«Ортаңқол тілші ай сайын алатын айлығына қанағаттанатын, барып кел, шауып келдің адамы. Өзіндік идеясы, көзқарасы жоқ, мен тимесем, сен тименің адамы дер едім. Өзгеден көшіретін журналистер де осы қатардан шығады. Оларға кереғар тілшілер – амбициясы бар, ойы бар, дауысы бар мықты журналист», - дейді медиамаман.
Жанар Байсеміз харизманы ұмытпау керек деп есептейді. Харизма – бұл тамаша дарын, ерекше дарындылық. Харизма — адамдарды өзіне тарта алатын, өзгелерге әсер ете алатын, мотивация бере алатын, ісімен, сөзімен адамдарға ықпал ете алатын, өзін тыңдата алатын, сөзін өткізе алатын қабілет. Харизма – ежелгі грек тілінен шыққан сөз. Құдайдан берілген сый деген мағынаға ие. Әуелде діни бағытта қолданылған. Тұлғаның интеллектуалдық, рухани тұрғыда адамдардың жүрегін жібіте алатын, өзіне қарата алатын, қандай да бір дүниені өзгелердің жүрегіне жеткізе алатын қасиеті. Харизма түсінігі ежелгі грек мифологиясынан бастау алады. Өзіңе назар аударта алатын қабілет.
ЖУРНАЛИСТ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА АШ БОЛУЫ ТИІС
Жанар Байсеміздің өзі бірнеше телеарнада еңбек еткен. Атырау журналистерімен кездесу барысында өз тәжірибесін айтып, халық іздеп жүріп көрген репортаждарды қалай даярлағанын айтты. Өз репортаждарында «адамдарға пайдасын тигізетін не істесем болады?» деген сұраққа жауап іздегенін айтады. Жан, тән, спорт, рух, дұрыс тамақтану, жарты жыл сайын анализ тапсыру, тіске мән беру, энергия, сыртқы пішінге мән беру, хобби, көркем әдебиет оқу, кино көру, тәртіппен жүру – журналистің өнімді еңбегіне әсер ететінін айтады.
«Журналист аш болмау керек. Журналист – шығармашылыққа ашқарақтану керек. Сонымен бірге, әлеуметтік желінің де құдіретін пайдалана білген абзал. Өз-өзіңді танып, өз ойыңның құрбаны болуды тоқтатқан адам еркіндікке шығады. Мен жастарға ең әуелінде атап өткенімдей «табанды болыңдар» деп ақыл айтар едім», - дейді Жанар Байсеміз.
Атырауда Медиа Дамыту Қорының қолдауымен жергілікті журналистерге өткізген медиа тренинг қорытындысы бойынша жасалған жариялым.