Балабақшада таяқ жеген баланың әкесі мән-жайды айтты

Ulysmedia

Алматыда балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді. Ол баласын ұрған бір топ баланы тәрбиеші «арандатқан» деп санайды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: скриншот

ktk-ның мәліметінше, бұл туралы балабақшадағы балалардың өздері айтқан. Қазір осы келеңсіз жайтқа жол берген №58 балабақшаның меңгерушісі мен тәрбиешісі жұмысынан босатылды. Ал төрт жастағы Абылай психологтың көмегіне зәру

Амангелді Әскенов – балабақшада қатарластарынан оңбай таяқ жеген баланың әкесі. Ол тұңғышы көкала қойдай болып үйге келгенде бірден мектепке дейінгі мекемеге барып, бейнебақылау камерасынан қандай жағдай болғанын көрген.

«Айтатын адам болған жайды балабақшаға баланы алып кетуге келген кезде айтатын еді. Тәрбиешісі келе сала бізге хабарласатын еді. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Балабақшаның бәрі сондай шу болғанын білді. Осы жағдай болғанда ол жиналыста отырған. Балаларды тастап кеткен. Мен балаларды кінәлай алмаймын, себебі баладан ондайды күтпеймін. Ата-анадан да күтпеймін. «Барып жабылып ұрыңдар» деп ешқандай ата-ана айтпайды деп ойлаймын», - дейді баланың әкесі Амангелді Әскенов.

Күні кеше әлеуметтік желіге таралып кеткен видеодан жалғыз баланы ұлы да, қызы да жабылып аяусыз теуіп жатқанын байқауға болады. Соққылардан бала арлы-берлі қашып, бір кезде жерге құлайды. Соның өзінде бірі басынан, екіншісі ішінен теуіп жатыр. Бұл бөлмеде не тәрбиеші, не бала күтуші көрінбейді.

«Бала шошынып қалған. Қорқады. Балабақшаға барғысы келмейді. Психологтармен жұмыс істеу керек. Психологты олар беру керек. Олардың міндеті деп санаймын.Білім басқармасының кесірінен бала сондайға ұшырап отыр. Жауапты адам болу керек. Басымыздан осындай жағдай өтеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген», - дейді ол.