"Мұсылмандар - шошқалар". Қарағандылық қыздың мәлімдемесі жұрттың ашуына тиді

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Threads желісіндегі бір жазбаның астындағы пікірлерде қыз қазақтарды «мамбет», «қалбит», «қазақшасөйлешник» деп атаған, ал мұсылмандарды «шошқа» деп қорлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ САЛДАРЫ

Бұл пікірлер желіде бірден үлкен резонанс тудырып, ашуға булыққан қолданушылар оны ұлтараздық араздық қоздырғаны үшін жауапқа тартуға шақырды. Қызға қатысты полицияға арыз түсті.

Артынша ол Threads-тегі парақшасын өшіріп, жағдайды түзетуге тырысып, Instagram-да кешірім сұрап видео жариялады.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ

Қазақстанда ұлтаралық немесе дінаралық араздықты қоздыру Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жазаланады. Бұл бап бойынша айыппұл, бостандығын шектеу немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ РЕАКЦИЯ ТАНЫТПАДЫ

Атап өту керек, ҚР Ішкі істер министрлігі бұл оқиға бойынша қандай да қылмыстық іс қозғалғанын растамады және еш ақпарат берілмеді.

КОНТЕКСТ

Биыл мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот Новоишимское ауылының 35 жастағы тұрғыны Жансұлу Дархамбаеваны екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Шешім ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы - «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша қабылданған болатын. 

Дархамбаева кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген. Алайда сот аяғы ауыр айыпталушыға жаза тағайындаған болатын.