Бағанашылдағы дау: енді мұғалімдерге қысым көрсетіле бастаған

Сырым Қаржас
Видео кадры

Бағанашылдағы балалар үйі төңірегіндегі дау басылар емес, енді қызметкерлер қысымға шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Адвокат Анна Чернованың айтуынша, Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты даулы жағдай әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолы заңгерге мекеме қызметкерлері жүгінген.

Чернованың жазуынша, олар видеоүндеу жолдап, президент бұл іске араласқаннан кейін өздеріне қандай қысым жасалып жатқанын баяндаған.

Оның сөзінше, дәл осы қызметкерлер бұрын балаларды автобусқа күштеп мінгізбек болғанда, оларды кеудесімен қорғап, араша түскен. Енді соларды балалардан ажыратпақ. Жетім балаларды жылдар бойы қамқор болып келген тәрбиешілерінен айырып, қалыпты жағдайынан алыстатпақ.

- Бұл – арам әрекет, төмен әрі адамгершілікке жатпайтын тірлік, – дейді Анна Чернова.

Ол бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Алматы қаласының әкіміне және Алматы облысының әкімдігіне үндеу жолдады.

- Президенттің тікелей араласуынан кейін де бұл бассыздық тоқтамай отыр. Қызметкерлерді “өз еркімен” деген желеумен жұмыстан кетіруге немесе мәжбүрлі демалысқа жіберуге тырысып жатқандары – өте қауіпті үрдіс. Бұл балалар үшін маңызды адамдар. Балалармен жұмыс істейтін жандарға қысым жасалмасын! Бәрін жайына қалдырыңыздар! Адамдарға тыныш өмір сүруге және жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер!, – деп жазды адвокат.

МҰҒАЛІМДЕР НЕ ДЕЙДІ

Мұғалімдер адвокаттан көмек сұраған. 

- Сізден үлкен өтінішіміз – Алматы облыстық балалар үйіне қатысты туындаған барлық мәселелерді шешуге көмектесуіңізді сұраймыз. Сіз жағдайдың қалай болғанын білесіз. Біз балаларды қорғап жүрміз, ал қазір кәмелетке толмаған, арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларға арналған бейімдеу орталығы болып отырмыз. Қазір бізге қысым жасалып жатыр, не болып жатқанын өзіміз де түсінбей қалдық, бәріміз күйзеліс пен белгісіз жағдайда отырмыз.

Кеше ғана “иә, қаласыңдар” деген жауап алдық. Бірақ балалар ертең бізді жұмыстан шығарып жібере ме деп алаңдайды. Қазір бізден өз еркімізбен жұмыстан кету туралы өтініш жазуды талап етіп отыр. Яғни балаларды қорғаған “ыңғайсыз” адамдардан құтылғысы келеді. Сізден үлкен өтініш – ұжымымызды қорғап қалуға көмектесіңіз, дейді мұғалімдердің бірі. 

Мұғалімдер конституциялық құқығы бұзылғанын атап өтті. 

- Біз – арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталықтың (әзірге ресми қағазсыз) бұрынғы ұжымы саналатын қызметкерлер – өзімізді қалалық емес, облыстық орталықтың қызметкерлері деп есептейміз және бізді облыстан қалаға өткізу процедурасымен келіспейміз. Өйткені бұл рәсім Қазақстан Республикасының Кодексіндегі барлық талаптарды, Конституциялық құқықтарымызды және “Қызметкер мәртебесі туралы” заңды бұзып отыр.

2025 жылғы 31 шілдеде ұжыммен жоспардан тыс жиналыс өткізілді. Бірақ жиналыс жайлы ұжым алдын ала хабарландырылған жоқ, сондықтан барлығы қатыса алмады. Сонымен қатар жиналысқа заңгерлер мен кадр бөлімінің өкілдері қатысқан жоқ. Қатысқан комиссия ұжым мен балалардың сұрақтарына жауап бере алмады. Ұжым қойған сұрақтарға заң аясында жауап берілмеді. Біріктіру туралы негізгі құжатпен таныстырылмадық, нақтырақ айтқанда, еңбек кодексіне сәйкес, бірінші кезекте қойылған сұрақтарға еш жауап берілмеді, дейді педагог.

Ұлыс тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыстық білім басқармасына сауал жолдайды. 

КОНТЕКСТ

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінен жетім балаларды көшіру қоғамда ғана емес, Ақордада да үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы көшіру процесін тоқтатуды және қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Ulysmedia.kz бұл даулы істі тереңірек зерттеп, оның артында қандай мүдделер тұрғанын анықтауға тырысты.