«7-20-25» және «Баспана хит» несие алушылары төлемді кейінге шегере алады

Ulysmedia

Төтенше жағдай әсерінен зардап шеккен «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша қарыз алушылар төлемді үш ай кешіктіріп төлеулеріне болады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы «Қазақстанның тұрақты даму қоры» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрығымен төтенше жағдайдың әсерінен зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға рұқсат беру тәртібі бекітілді. Атап өткендей, «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларын кейінге қалдыру осы бұйрық аясында жұмыс істейді.

«Төтенше жағдай әсерінен зардап шеккен «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларының клиенттеріне 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей, 90 күнге дейін кешіктіріп төлеуге рұқсат етіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.

Тәртіпке сәйкес, банктер 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі мерзімге кейінге қалдырылған төлемдерді ұсынады. Бұл қарыз алушының несиелік тарихына әсер етпейтіні атап өтілген.

Төлемді кейінге қалдыруға рұқсат алу үшін қаржылық жағдайыңыздың нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, еркін нысандағы өтінішпен банкке жүгіну қажет. Өтініш электрондық пошта, интернет-ресурс, «банк-клиент» онлайн жүйесі6 мобильді қосымша немесе банк бөлімшесіне жеке келу арқылы жазылады.