"Меломан" қазақ тіліне қарсы ма? Шыңғыс Мұқан үндеу жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақтілді ортаға кеңінен танымал Mazmundama баспасының кітаптары "Меломан" дүкендер желісінің сөресінен алынып тасталмақ. Бұл туралы баспа жетекшісі Шыңғыс Мұқан мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Кітапты қарызға бердік”

Айта кетейік, “Мазмұндама” – қазақ тілінің контентін әлем әдебиетін аудару арқылы дамытып жатқан баспалардың бірі. 

- “Мазмұндама” өз кітаптарын “Меломанға” қарызға береді (өзіміз де баспаханалардан қарызға бастырамыз). Өткен соң, ақшасын ай сайын бізге аударып отырады. Біз баспаханадан қарызымыздан құтыламыз, ұжымға айлық береміз, дейді Шыңғыс Мұқан. 

Оның сөзінше, ақшасын ала алмай жүргеніне үш айға жуық уақыт өткен, сондықтан талап етіп жазба қалдырған.

- Ақшамызды алып, ұжымның айлығын төледік. Енді, бүгін міне, өз ақшамызды сұрап алғанымыз үшін “Меломан” осындай хат жазып жіберіпті. Mazmundama-мен шартты бұзбақ.

“Көрмегенім “Меломан” болсын!”

Шыңғыс Мұқан әріптестеріне үндеу жасады. 

- Қадірлі әріптестер, “Меломан” қарыз болып, қайтармай отырса, ниеттестік танытуды сұраймын. “Меломан” көзмайын таусып кітап шығарып отырған біз сияқты баспалардан қарызға кітап алып сатып пайда тауып отырған дүкен. Серіктестерінің ақшасын бермей осылай қорлайтын, талап етсең, кітабыңнан бас тартатын дүкенге қарызға не үшін кітап береміз? Бермесек, Ресей баспаларының орысша кітаптарын ғана сата берсін. Олардан, меніңше, кітапты нақ ақшаға сатып алады. Қадірлі оқырмандар, біздің кітаптарды іздеп бұдан былай “Меломанға” барудың қажеті жоқ. Kaspi-ден ала аласыздар және әлдеқайда арзан. Бұл орысша хат, Талеб айтпақшы, біздің антиосалдығымыз, яғни біздің күшті ете түсетін қысым. Енді, көрмегенім “Меломан” болсын!, – дейді баспа жетекшісі.