Елімізде атаулы әлеуметтік көмек көлемі ұлғаюы мүмкін

Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева атаулы әлеуметтік көмек көлемін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Фото: ашық дереккөзден

Зәкиеваның айтуынша, қазір республикада кем дегенде 625 мың бала, яғни әрбір оныншы бала тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатыр.

«Бұндай отбасыны қолдаудың бір түрі - атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Алайда оның мөлшері тіпті қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жетпейді. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 6 адамнан тұратын отбасына берілетін АӘК 7 мың теңгедей ғана», - деді Д. Зәкиева Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, көмекке мұқтаж баланы немесе отбасын өздігінен анықтап, көмек көрсетудің орнына, жұмыс тек келіп түскен өтінішпен жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлдем естімеген, қандай құқықтарының бар екендігін білмейтін, құжаттары жоқ болған соң қарапайым қызметтер мен көмек түрлерін ала алмай жүрген 200-ден астам отбасы анықталды.

«Ешқашан мектепке бармаған 10-13 жастағы балаларды, аурулары барына қарамастан, туғаннан бері ешқандай медициналық тексеруден өтпеген балаларды көрдік. Бұл отбасылар туралы учаскелік қызметтер әкімдіктерді хабардар етсе де, олар адам шошырлық жағдайда өмір сүрулерін жалғастырған. Бүгінде 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында, ал қолайсыз жағдайда деп есепте тұрған отбасыларда 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Нәтижесінде, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі көбінесе бала құқықтарының бұзылуы мен қайғылы салдарларға, яғни балалар үйіне түсуіне және зорлық-зомбылыққа әкеп соғады», - деді депутат.

Динара Зәкиева бүгінгі таңда өкілетті органдар әзірлеп жатқан Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспарына келесі тармақтарды қосуды ұсынады:

1. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдаудың тиімділігін арттыру үшін АӘК-ті әр балаға күнкөріс минимумына дейін арттыру. Яғни 1 балаға 36 мың теңге. Бұл үшін қосымша 225 млрд теңге керек.

2. Елді мекендерде отбасына кешенді түрде көмектесу және бала құқықтары бұзылуының алдын алу жөніндегі өкілетті органдар арасында жұмысты үйлестіріп отыратын және тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Отбасы, жастар және балалар істері жөніндегі дербес басқарма құру.

3. Стратегиялық құжаттарда көрсетілген отбасы институтын нығайту, отбасылық қолайсыздықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға қатыгез қараудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлердің Аумақты дамыту жоспарларына енгізу.