Құрбан болдық: Сириядан оралған әйел тағдыры жайлы айтты

Ulysmedia

Қазақстан 2019 жылдан бастап «Жусан» операциясы аясында Сирияға кеткен азаматтарды елге қайтаруды қолға алды. Ал бүгінгі таңда үшінші мегаполисте «от ортасынан қайтқан» 17 азаматша тұрады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Небәрі 22 жастағы келіншек неліктен Сирияға кетті? Кім себеп болды? Оның қазіргі жағдайы қалай? Бұл туралы otyrar.kz бейнематериалында айтылған.

Шымкент мектептерінің бірін тәмәмдаған бойжеткен бір ер азаматпен танысады. Оның әкесі мен атын өзгертуді сұраған Мәдинаның ата-анасы жақсы таныс болған екен. Бір-бірін ұнатқан олар шаңырақ көтеріп білім алу үшін Египетке аттанады. Ал онда кейіпкеріміздің жары Түркияға барамын деп шешім қабылдапты. Оған да амалсыз көнген әйел, басында оның не ойлағаны бар екенін білмедім дейді.

«Күйеуім бірінші Сирияға жол жүріп кететін болды. Бірақ маған ол туралы еш нәрсе айтпады, түсіндірмеді. Тек барасың ба деп сұрады. Менде күйеуім қайда болса, сонда барамын деген ой болды», - дейді Мадина.

Жолдасының артынан 20 күннен кейін Мәдина да Сирияға жол тартты. Жарының ара-тұра ғана отбасына келетінін айтқан ол, жолдасының қаза болғанын бір жарым жылдан кейін ғана естіпті. Тіпті ол кезде қайда жерленгенінен де хабарсыз болдым дейді.

«Ол бір жерде күзетші болып тұрған кезінде оны атып жіберген. Денесін інісі көріпті», – дейді ол.

Күйеуінің қазасынан кейін де аш қалған жоқпыз деген Мәдина оған әлдекімдердің қол ұшын созып тұрғанын жеткізді. Азық-түлік, киім-кешек тіпті ақшамен де қамтамсыз етіп отырыпты. Және оның екінші рет тұрмысқа шығуын қалаған. Ал ол алғашында қарсы болғанымен кейіннен амалсыз көнген. Сөйтіп бір қазақ ер азаматтың екінші келіншегі болуға келісім береді. Бірақ ол да 3 жылдан соң мерт болады.

«Қаза болған кезде мен соғысуға шығып кеттім деп кеткен. Содан кейін қаза тапқаны туралы ақпар келді», - дейді ол.

Бұдан кейін елге оралғысы келсе де жүрексініп жүрген әйелге Қазақстаннан «Жусан» операциясын жүзеге асырушы азаматтар келеді. Тізімге алғаш болып жазылған Мәдина 2019 жылы аман-есен Отанына қайтады. Қазірде өзегі өкінішке толы келіншек мұндай жағдайға түспес үшін білімді болу керек дейді. Ал қазір екі перзенттің анасы әке-шешесімен бірге тұрады. Балалары сабаққа барады, ал өзі жұмыс істейді.

«Құрбан болдық. Қорқыныш, психологиялық соққылар тіпті балаларымда да болды. Ал қазір мен бақытты адаммын деп айта аламын. Денім сау, баларымның дені сау. Адам жас болғанда көп нәрсені ойланбайды. Көзіне не көрінеді, соны жасайды. Білім алу керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғару керек. Ақ қараны ажырата алуы тиіс. Ол үшін тағы да білімінің маңызы зор», - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде үшінші мегаполисте Мәдина сияқты Сириядан келген 17 азаматша бар. Сала мамандары олардың дәстүрлі исламға бейімделуі үшін әр ай сайын кездесу өткіземіз дейді. Ал ер азаматтары 5 жылдан 7 жылға дейін темір торға тоғытылған.

Теологтардың айтуынша, теріс діни ағымды насихаттаушылардың басым бөлігі оңтүстікте шоғырланған. Ал жат ағымның арбауынан жастарды арашалап алудың ең тиімді жолы – ата дініміздің артықшылықтары туралы көбірек ақпар беру арқылы діни сауатын арттыру дейді мамандар.