«10 мың ағаш отала ма?». Алматыдағы «Баум тоғайының» тағдыры қалай болмақ?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда бірнеше экологиялық белсенді «Баум тоғайы» аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қарсылық білдірді. Олар тоғайдың болашағына алаңдайды. Сөздерінше, жергілікті билік жүз жылдан астам тарихы бар тоғайдан саябақ жасамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.

Белсенділер талабы

Алматы тұрғыны Жазира Шарафова «Баум тоғайы» ресми түрде орман мәртебесіне ие болғандықтан, оның аумағында кез келген құрылыс жұмыстарын жүргізу, инженерлік желілер тарту заңға қайшы дейді.

«Бұған дейін «қураған» және «апатты жағдайда» деп белгіленген 10 мыңнан астам ағашты кесу жоспары ресми түрде хабарланған болатын. Алайда мұндай қорытындылар тек ведомстволық актілерге ғана сүйенбей, экологтар қатысатын тәуелсіз сараптамалық бақылауды талап етеді. Орман кодексінің 93-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттің табиғи ескерткіштерінде қажетті санитарлық және өзге де кесулерге тек орманды қорғау шараларын жүзеге асыру үшін ғана жол беріледі», – деді ол.

Тағы бір қала тұрғыны Юрий Смирновтың сөзінше, тоғай аумағына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ауыр техникалар кіргізілген. Жарық тарту үшін траншеялар қазылған. Мұның барлығы тоғайдағы ағаш пен қырғауыл, тиін сияқты құстар мен жануарларға кері әсер етуде.

«2023 жылдан бастап ағаштарды отау басталды. Олар мұны санитарлық отау деп түсіндірді. Алайда 2022 жылдың 22 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мамандары әзірлеген «Мемлекеттік табиғат ескерткіші «Баум тоғайын» сақтау және қалпына келтіру жобасында» ағаштардың жас құрамы мынадай деп көрсетілген: 68% – жас өркендер, 14% – орта жастағылар, 5% – пісіп-жетіліп келе жатқандар, 7% – піскендер, 6% – қартайғандар», – деді Юрий Смирнов.

Экологиялық белсенді Салтанат Тәшімова «Баум тоғайын» қалпына келтіреміз деген желеумен, одан саябақ жасап, тоғай орналасқан аймақты болашақта коммерциялық аудан жасай ма деп қауіптенеді. Оның сөзінше,  құрылыс компаниялары ауданда тұрғын үй кешендерін салып, «Баум тоғайын» жарнама ретінде пайдалануы мүмкін.

«Біз қайтадан қоғамдық тыңдау өткізуді талап етеміз. Бұған қоса, біз «Баум тоғайын» Іле-Алатау ұлттық паркінің құрамына беруді талап етеміз. Себебі тоғай қалалық әкімдіктің, Медеу саябағының құрамына берілген уақыттан бастап, ағаштарды отау, жолдарды кеңейту сияқты жағдайлар болды. Тоғай құлдырау кезеңіне түсті», – деді ол.

Бұған қоса, белсенділер бірнеше талап қойды. Олардың қатарында:

  • Тоғай аумағындағы құрылыс жұмыстарын тоқтату;
  • Ғалымдар, экологтар және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен тәуелсіз экологиялық және құқықтық сараптама жасау;
  • «Абаттандыруға» байланысты шешімдерді жою және табиғи ландшафты қалпы келтіру;
  • Табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту сияқты талаптар бар.

Құрылыс және мердігер компанияның жауабы

Ulysmedia тілшісі «Баум тоғайына» барды. Тоғайда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауыр техника жер қазып, құрылыс заттарын тоғай ішінде ерсілі-қарсылы тасып жүр. Жарық, жол, ойын алаңдарын жасап жатқан бас мердігер «СК Барлас Құрылыс» ЖШС компаниясының прорабы  Бақтыбай Әбутәліпов құрылыс жұмыстарының тоғайға ешқандай зияны жоғын, керсінше, абаттандыру, тоғайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

«Біз ешқандай талды кесіп жатқан жоқпыз. Мұнда қураған, құлаған талды «Медеу» парктің өзінің адамдары рұқсатымен кесіп, акт толтырып, алып кетіп жатыр. Біз жарық тартып, жолдарды жөндеп жөндеп жатырмыз. Мына [тоғайдың ]екі шетінде ғана асфальт болады. Қалғанының бәріне ұсақ тас төселінеді. Бордюр ешнәрсе қойылмайды. Тап-таза жол болады», – деді ол.

Бұған дейін «Баум тоғайын» қалпына келтіру жұмыстарының бас демеушісі «BAZIS-A» компаниясы ағаштардың кесілгенін жоққа шығарып, компания аумақта тұрғын үй салмайтынын хабарлаған.

Алматы әкімінің кеңесшісі Ильзат Акчурин «Баум тоғайында» мыңдаған ағаш оталады деген ақпаратты жалған деп атап, керсінше, тоғай аумағына жаңадан ағаштар егіледі деген. Оған дейін «Баум тоғайын» қалпына келтіру кезінде 10 мыңнан астам ағаш оталатыны туралы ақпарат тараған.

«Баум тоғайының» 130 жылдық тарихы бар. 139 гектар аумақты алып жатқан тоғай ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, 2006 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енген.