Елдегі қосымша құн салығының көтерілуі қоғамда алаңдаушылық туғызып, тұрғындардың басым бөлігі бұл өзгеріс өмір сапасына теріс әсер етеді деп санайды. Сауалнама нәтижелері халықтың экономикалық күтулері күрт нашарлағанын көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Demoscope зерттеушілері жүргізген сауалнамаға қатысқан респонденттердің 61,4%-ы ҚҚС өсімі олардың өмір сүру деңгейін төмендетеді деп есептейді. Оның ішінде 32,4% — жағдайлары айтарлықтай нашарлайтынын, 29% — өзгеріс аздап сезілетінін айтқан. 20,6% тұрғын бұл өзгеріс өмір салтына әсер етпейді деп санаса, 9%-ы тіпті белгілі бір деңгейде жақсаруы мүмкін деп болжайды.
Халық ҚҚС көтерілген жағдайда ең алдымен бағалардың қымбаттап, шағын және орта бизнеске қысым күшейіп, жұмыссыздық артып, көлеңкелі экономиканың ұлғаюы ықтимал екенін атап өтті. Сонымен қатар, бір бөлігі салық түсімі артып, мемлекеттік бюджет күшеюі мүмкін деген пікір білдірген.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің 70,5%-ы ҚҚС өсіміне теріс көзқарас танытты. Олардың пайымынша, бұл өзгерістен ең көп пайда көретіндер — мемлекет (63,8%) пен ауқатты топтар (27,9%).
Ал бұл реформа бизнеске, орта тапқа және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға тиімділігі төмен деп есептейді. Қатысушылардың 19,2%-ы бұл өзгерістен ешкім ұтпайды десе, 2,4%-ы барлық тарап үшін тиімді болуы мүмкін деп санайды.