Алматыда пәтерді жалға алу бағасы 50,7% өсті

Ulysmedia

Елімізде бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлер бағасы 14%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағаcы – 18,7%, жаңа тұрғын үйлерді сату 14% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы қаңтарда 34,3% артты.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға едәуір өскен қалалар: Ақтау – 28,2%, Ақтөбе – 25,4%, Петропавл – 20,9%. Қолданыстағы пәтерлер саудасы нарығындағы қымбатшылық жөнінен Семей (46,8%), Қызылорда (38,8%), Ақтөбе (37,3%), Ақтау (35,4%), Талдықорған (32,9%), Қостанай (31%) қалалары көш бастап тұр, ал тұрғын үйді жалға алу нарығында баға Қостанай (55,6%), Көкшетау (55,1%), Алматы қалаларында (50,7%) жоғары өсім көрсеткен.

“Бір айдың ішінде (2023 жылғы қаңтар 2022 жылғы желтоқсанға) жаңа тұрғын үйді сату бағасы – 0,7%, қолданыстағы пәтерлер саудасындағы баға 0,3% өсті. Тұрғын үйді жалға беру нарығында бағаның төмендеу тенденциясы байқалып отыр,  алдыңғы аймен салыстырғанда қаңтарда баға 2,5%-ға  төмендеді”, – делінген бюро хабарламасында.