«Қазақ» газеті жарық көрген күн мерекелік күндер тізбесіне енеді

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда 2 ақпан - Ұлттық басылым күні мерекесі болып бекітілмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылған.

2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өтуді ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева ұсынған. Осыған байланысты Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесінің құрылымына жаңа мерекелік күн, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні енгізіледі.

Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастама бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын айқындап, сала қызметкерлерін ынталандыру мақсатында ұсынылғаны жазылған.

«28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні, 2021 жылдан бастап 1 қазан – радио қызметкерлері күні деп белгіленді. Бұл дәстүр БАҚ-тың маңызын көрсете отырып, осы саладағы қызметкерлерді ынталандыра түседі. Ұлттық басылымның алғаш шыққан күнін ұлықтау Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерде дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнін тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Қаулы жобасы 3 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.