Ковидке қарсы вакцина балаларға 12 жастан салынады

Ая Өміртай

Қазақстандағы мектеп оқушыларына коронавирус инфекциясына қарсы вакцина 12 жастан бастап салынады. Бұл жайында елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен брифинг барысында денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

фото: Ашық дереккөзден

Оның айтуынша, мектептер оқушыларын вакциналау үшін жуырда келетін Pfizer вакцинасын күтіп отыр. Сондай-ақ вакцина алмаған балаларды мектепке жібермеу туралы шектеулер қарастырылмаған.

«Ешқандай шектеулер көзделген жоқ. Әр баланың ата-анасы рұқсат бергенде және баланың жеке еркімен вакцина саламыз. Өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстары басталады. Санитарық режим арқасында балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші төмен. Жақын арада 4 млн-ға жуық  Pfizer вакцинасы келеді деп күтіп отырмыз», – деп атап өтті ол.

Ресми мәлімет бойынша, оқушылар арасында жалпы 9 185 КВИ жағдайы тіркелген. Бұл оқушылардың жалпы санының 0,26%-ы.