Мәжіліс депутат Бекқали Торғаев вакциналау паспортын қолдан жасаудың жыл басынан бері 130 жағдайы тіркелгенін мәлім етіп, министрліктен қалайша бұған жол беріп отырғанын түсіндіруді талап етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Бұл ретте қаржы мониторингі агенттігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық істерді қозғады. Менің ойымша, мұндай жағдайлар халықтың денсаулығына қауіп төндіріп, халықтың вакциналауға деген сенімін азайтады. Елдің имиджіне теріс әсер етеді. Мұндай жағдайларға қалай жол бердіңіздер?» - деді Бекқали Торғаев.
Бұл сұраққа жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина бойынша жалған құжаттар алғаш тіркелгеннен бастап күш құрылымдарына өтініш білдірілгенін, бұл мәселені тексеруді сұрағанын айтып өтті.
«Осының арқасында 90-ға тарта қылмыстық іс қозғалды. Соның жартысы – ПТР тесттің жалғандығына қатысты болса, қалғаны вакциналаудың жалған паспортымен байланысты. Әрбір пункт бойынша жұмыс қаралуда. Сот шешімдері бар. Жалған паспорттардың бәрі де базадан жойылады. Қатаң бақылаудамыз. Біріншіден, әрбір екпе кабинетінде камера орнатылған. Медициналық ұйымдардың өздері де жалған паспорттың жасалғанын анықтаған. Шынымды айтсам, халыққа бұл – өз-өзімізді алдау екенін түсіндіріп бағып жатырмыз. Қорғамайтын қағазды сатып алу арқылы кімді алдағысы келетіндері түсініксіз. Шынын айтқанда, вакцинаны алған адам ауруды кемінде ауыр өткермейтінін білу керек», - деді ол.
Алексей Цойдың айтуынша, мұндай жағдай Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де, тіпті алыс мемлекеттер де тіркеліп жатыр.
«Еуропада мәселен осы қылмыс үшін жауапкершілік қатаң. Естуімше, осындай қылмысқа барған адамды 100 жылға соттады ғой деймін», - деді Алексей Цой.