Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапты

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы ҚР СІМ мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ведомство ақпаратынша, 2023 жылғы 22 қазанда Газа секторын атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза болды. Онымен бірге Палестина азаматы болған оның 23 жастағы қызы да қайтыс болған.

“Отандасымыз Газа секторында Палестина азаматы болып табылатын күйеуімен бірге ұзақ уақыт бойы тұрды” - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 7 қазаннан бері бүкіл әлем Таяу Шығыстағы соғысқа көз тігіп отыр. ХАМАС пен Израильдің қақтығысынан мыңдаған бала құрбан болды. Газа секторының бейбіт тұрғындары қырылды, үй-күйсіз қалды. Израиль соғыстың бірнеше айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.