Қаптаған «қызылжағалылар» мен ұсталғандар: Алматы мен Астанада не болып жатыр

Ulysmedia

Бұған дейін ескертілгендей митингтер қарсаңында Алматы мен Астананың орталығына полиция қызметкерлері көптеп жиналып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Алматы

Билік экстремистік деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы акциясын өткізуді жоспарлаған орындардың бірінде біздің тілшіміз жүр.

Желтоқсан мен Фурманова көшелерінің бойында патрульдік көліктер орналасқан, алаңның периметрі бойынша бірнеше полиция қызметкері бақылау жүргізуде. Дегенмен, наразылық білдірушілер байқалмайды.

Ресми түрде жарияланған митинг өтетін орын - Гоголь көшесі. Қаланың осы бөлігіне полиция қызметкерлері көптеп жиналған. Сонымен қатар, ол маңда мобильді интернет өшірілген.

Полицейлер белгісіз себептермен үш ер адамды ұстады. Ұсталғандардың қолдарында олардың наразылық білдірушілер екенін көрсететін плакаттар немесе басқа да белгілер жоқ.

Күштік құрылым өкілдері өздерін студентпіз деп таныстырған екі жігітті де ұстады.

"Білмеймін, олар бізді еш себепсіз ұстады. Құжаттарымызды көрсеттік. Орындыққа отырдық, сабақ оқыдық. Ал мен лекциямды толтырдым", - деді олардың бірі.

Жастарды автозагқа салып әкетті.

Астана

Бұған дейін митинг болады деп жарияланған Астананың орталығында да журналистер мен тәртіп сақшыларынан басқа ешкім көрінбейді.

Полиция Кенесары хан ескерткішіне ешкімді, соның ішінде жолдан өтіп бара жатқан қарапайым адамдарды да жақындатпайды.

Айта кетейік, қазан айының ортасынан бері Қазақстанда азаматтық белсенділерді қамауға алу кең тараған. Республика күні қарсаңында да белсенділердің барлығы бақылауға алынды.

Осылайша, бір күн бұрын Көкшетауда белсенділер Бауыржан Балташев, Қуат Мұхамеджанов және Уәлихан Неғметов 15 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ Астанада белсенді Марат Мұсабаев босатылған күннің ертеңінде тағы да тұтқындалды. 23 қазанда Ақтөбеде белсенді Ахмет Сәрсенғалиев қамауға алынды. 20 қазанда Орал соты әлеуметтік желіде қазақстандықтарды 25 қазандағы митингке шығуға шақырған жазбасы үшін белсенді Маруа Ескендірованы 10 тәулікке қамауға алды.

Қазанның 17-сі күні ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха полицияның Республика күніне орай азаматтарға митинг өткізуге рұқсат бермейтінін айтты. Қазақстан Республикасында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының мүшелері бұл күні наразылық акциясына шығуға шақыруда. Ал 24 қазанда Ішкі істер министрлігі Республика күні қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертті.

Астанада күн ызғарлы. Салқын. Жағалау аумағына жақын маңда форма киген полиция қызметкерлері мен кәдімгі киім киген адамдар жүр. Кейбір жолдарға темір қоршау орнатылған.

«Власть» сайты Астанада екі адамды полиция қызметкерлерінің әкетіп бара жатқан видеосын жариялады. Ал Азаттық сайты «Алға, Қазақстан» партиясының мүшелері Кенесары хан ескерткіші алдына келіп, қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты да қолдайтынын айтқанын жазады.