Израиль ХАМАС-тың бір қолбасшысының әуе шабуылынан қаза тапқанын хабарлады

Ulysmedia

Израиль қорғаныс күштері ХАМАС-тың Солтүстік Хан Юнис батальонының командирі Тайсир Мубашердің Газа секторындағы әуе шабуылынан қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы Ulysmedia.kz жазды.

Фото: Ашық дереккөз

IDF мәліметі бойынша, Тайсир Мубашер бұған дейін Хамас әскери-теңіз күштерін басқарған және топтың қару-жарақ өндірісімен де айналысқан.

Сонымен қатар Мубашер – ХАМАС-тың содырлар қанатының жетекшісі Мұхаммед Дейфке жақын адам.

Еске салайық, ХАМАС содырлары 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған болатын. Олар кибутзимде адамдарды өлтіріп, кепілге алды. Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс күштері ХАМАС-тың бақылауындағы Газа секторына соққы бере бастады.

Бұған дейін Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға жасаған шабуылдарын және шетелдіктерді қоса алғанда, адамдарды кепілге алуын айыптаған болатын. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ Израильді «Газа секторының бейбіт тұрғындары арасында көптеген құрбандарға және азаматтық инфрақұрылымды қиратуға әкелетін пропорционалды емес күш қолданудан» аулақ болуға шақырды.

Көпшілік Палестина-Израиль қақтығысы еврейлер мен мұсылмандар арасындағы күрес деп санайды. Бұл іс жүзінде аумақ үшін күрес: бір жерге құқықты талап ететін екі топ. Бұл қақтығыстың нақты басталу күні - 1948 жылғы 14 мамыр. Израильдің негізін қалаушы Дэвид Бен-Гурион Израиль мемлекетінің құрылғанын жариялаған күн. Палестиналықтар бұл күнді «әл-Накба» апаты деп атады.