Тиісті ұсынысты үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі отырыста ортаға салды. Оның айтуынша, вакциналау жоспарын орындамағаны үшін әкімдіктердің жеке жауапкершілігін белгілеу керек, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Вакциналау туралы айтар болсақ, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоспарды орындауда 10-13 пайыздық ең төменгі көрсеткіш Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау облысы мен Қостанай облыстарында тіркелді. Жалпы бұл бағытта үкімет басшысы ведомствоаралық комиссия отырысында бірнеше рет ескертіп, тиісті тапсырма берген болатын. Аймақтар вакциналау қарқынын үдету керек болған. Алайда бұл тапсырма тиісті деңгейде орындалмай жатыр», - деді Ералы Тоғжанов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, аймақ басшылары жеткілікті деңгейде шара қабылдап, Шығыс Қазақстан облысының әкімінің тәжірибесін негізге алуы тиіс.
«Вакциналау жоспарын орындамағаны үшін әкімдіктердің жеке жауапкершілігін белгілеуді ұсынамыз. Тиісінше оң динамика байқалмаған жағдайда әкімнің осы сұраққа жауапты орынбасарына тәртіптік жаза тағайындауды дұрыс деп есептейміз», - деді ол.
Айта кетсек, ВАК-тың бүгін таратқан мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың 18 қазанына дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін 8 054 450 адам, ІІ компонентін 7 167 091 адам салдырған.