Астанадағы апат: түнде қаладағы үйлердің бірі өртеніп, зейнеткер мерт болды

Ғалиасқар Думан

Кеше түнде елордада тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 72 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қалалық ТЖД мәліметінше, 30 қазан күні сағат 00:22-де "101" пультіне Манас көшесі, 3/1 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанған. Сөндірушілер келген уақытта бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақты құрайтын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқаны анықталған.

“Өрт орнынан 1951 жылы туған әйелдің денесі табылды”, – деп хабарлады ведомство.

Тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан 51 тұрғын эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала бар. Өртті жеке құрамның 16 қызметкері төрт техниканың көмегімен сөндірген. Өрт сағат 00:44-те сөндірілген. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Еске салайық, кеше түнде Астанадағы үйлердің басым бөлігі жарықсыз, сусыз қалды. Энергетика министрлігі 21:58-де ВЛ-110кВ қалалық сақинасы бойынша авариялық өшу орын алғанын хабарлады. Астана – 2 жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу салдарынан электр өндіру қуаты төмендеген.