2 қарашада The Ritz-Carlton Almaty қонақүйі өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Сервистің эталондық деңгейін көрсететін қонақүй Қазақстанның оңтүстік астанасының визит карточкасына айналғаны белгілі. Мерейтойлық шараға ығай мен сығай тегіс жиналды. Қонақүй иесі Сержан Жұмашов мерекеге өзінің достары - олигархтарды шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір күнде екі мереке
Ерекше қонақтардың арасында Дінмұхамет Ыдырысов, Нұрлан Смағұлов, Марғұлан Сейсембаев және тағы басқалар болды. Айта кету керек, олигархтардың бірге түскен фотосуретін мереке қонақтарының бірі – кәсіпкер Арманжан Байтасов жариялады.
Ол қонақүй иесін он жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, Жұмашов осы күні өзінің барлық жақын достары мен таныстарын жинай алғанын атап өтті.
Қонақүйдің мерейтойы дәл осы күні 57 жасқа толған Марғұлан Сейсембаевтың туған күнімен тұспа-тұс келді.
Жұмашовтың дәулеті
Бүгінгі таңда Сержан Жұмашов - сәнді қонақүй құрылысының бас бенефициары болған Capital Partners девелоперлік компаниясының мажоритарлы иесі. Сондай-ақ, олигархтың активтеріне CP Hospital Development ЖШС, Esentai Mall СОО, Esentai Tower БО, Kokzhailau Resort Investmen ЖШС, Keruen Investments ЖШС, Сinema Management ЖШС, T Investments ЖШС, "Ренессанс Атырау" және "Ренессанс Ақтау" қонақүйлері және French Bakery наубайханалар желілері бар.
Ол Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептерінің тең құрылтайшысы, Алматы облысы Алакөл ауданының білім беру қорының тең құрылтайшысы және IQanat білім беру жобасының қатысушысы. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, болжамды кірісі – 5,4 млрд теңге. Сонымен қатар, Жұмашевтің Бодрумда курорттық кешені бар.
Қазақстанның ең ықпалды адамдарының бірі
Айта кету керек, олигархтың есімі мен оның девелоперлік компаниясы бірқатар жанжалды оқиғаларда аталды, олардың бірі – Ресейден және басқа елдерден оффшорларға ақша алу туралы әйгілі "Панама құжаттамасының" жариялануы.
Осыған қарамастан, Сержан Жұмашов әлі күнге дейін Қазақстанның ең бай және ықпалды адамдарының бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда Жұмашовтың байлығы бірнеше жүз миллион АҚШ долларына бағаланады. Алайда, "Панама жанжалын" ескере отырып, оның қанша ақшасы барын және қайда сақталатынын тап басып айту қиын. Оның капиталы жайлы ақпарат соңғы рет 2020 жылдың қазан айында жарияланды. Ол кезде оның шоттарында шамамен 143 миллион доллар болды.