×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

«Алтын ұрлығы» ісі: тұтқындарды азаптаған ҰҚК-нің экс-қызметкерлері кінәсін мойындады

03.11.2023, 08:51
«Алтын ұрлығы» ісі: тұтқындарды азаптаған ҰҚК-нің экс-қызметкерлері кінәсін мойындады
Коллаж: Ulysmedia.kz

Астана әскери сотында 13 тұтқынды азаптады деп айыпталған ҰҚК-нің бұрынғы төрт қызметкеріне қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы айыптауды оқыды. Іс материалдарына сәйкес, күдіктілер жәбірленушілерді бетінен ұрып, төрт аяқтап жорғалауға мәжбүрлеген және өкшелерінен соққылаған.

Жәбірленушілер туыстары істі Астана қалалық сотына ауыстыру туралы өтініш білдіргеніне қарамастан, басты сот талқылауы әскери сотта өтеді. Судья сонымен қатар бұрынғы ҰҚК қызметкерлерінің бет-әлпетін көрсетуге тыйым салды.

 "31 арнаның" хабарлауынша, күдіктілер өз кінәсін мойындаған.

Еске салайық, жыл басында ҰҚК қызметкерлері Астанадағы тергеу изоляторында тұтқындарды азаптады деген күдікке ілінген.

Тұтқындардың азапталғаны туралы туыстары өткен жылы мәлімдеді. Адам ұрлау, бопсалау, кісі өлтіруге әрекет жасау және құрамында алтын бар шикізатты ұрлау дерегі бойынша айыпталған қылмыстық топ мүшелерінің жақындары Тоқаевқа жүгінген. Олардың сөзінше, 2021 жылдың наурыз айында ҰҚК тергеу изоляторына қамалғандарды жыл бойы комитет қызметкерлері қатыгездікпен азаптаған.

25 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті подполковник Еркін Аманов, майор Хамит Абдуғали, ҰҚҚ Шекара қызметінің қызметкері, капитан К.Б.Сартаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бекітілді.