Ірі мұнай партиясының қаңтарылуы: Маңғыстауда жеке сот орындаушысы сотқа тартылып жатыр

Ғалиасқар Думан

Бүгін Маңғыстау облысының сотында мұнай өнімдерінің ірі партиясына қатысты даулы іс қаралып жатыр. Заң өкілдері "БатысНефтеТрэйд" ЖШС мен "TERMINALEX" ЖШС арасындағы көпжылдық дауға нүкте қоюға тырысып-ақ келеді. Алайда істің ауанын түбегейлі өзгертетін жаңа деректер ашылды. "БатысНефтеТрэйд" ЖШС-пен жұмыс істейтін лицензиясыз ТЖК сот шешімін елемей, бірқатар заңсыз әрекеттер жасаған, оның ішінде ҚТЖ Маңғыстау филиалының қызметкерлерімен сөз байласып, бұрын банкрот компанияға тиесілі жүкті тасымалдауды "бұғаттады".

Коллаж: Ulysmedia.kz

"БатысНефтеТрэйд" ЖШС мен "TERMINALEX" ЖШС арасындағы мұнай өнімдерін уақытша сақтау бойынша қарапайым коммерциялық мәмілеге байланысты оқиға 2019 жылдан бері жалғасып келеді. "БатысНефтеТрэйд" ЖШС Маңғыстау облысы сотының шешімімен "TERMINALEX" ЖШС алдында 900 000 000 теңге мөлшерінде ірі берешекті өтеуге міндеттелген кезде іс мүлде басқа арнаға түсті.

"Terminalex" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына "БатысНефтеТрэйд "жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 900 000 000 (тоғыз жүз миллион) теңге мөлшеріндегі берешек және 27 000 000 (жиырма жеті миллион) теңге мөлшерінде мемлекеттік бажды төлеу жөніндегі шығыстар өндіріп алынсын"- делінген сот шешімінде.

Сот жәбірленуші тарап деп таныған және борышты өтеу есебінен жалпы саны 13 754,683 тонна мұнай мен мұнай өнімдерін алған "TERMINALEX" ЖШС залалды өтеу мақсатында 2020 жылы аталған мүлікті сатты. Алайда процеске жеке сот орындаушысы Евгений Исмамбетов араласқан кезде оқиға мүлдем басқа айналымға түсе бастады, ол кейіннен осы іс бойынша өз еркімен заңсыз әрекеттеріне байланысты мемлекеттік лицензиядан айырылды. Әрі қарай Евгений Исмамбетов әріптесі Асылбек Тұрсынұлы Сермахановтің атын жамылып, "TERMINALEX" компаниясы мен мұнай өнімінің жаңа сатып алушысы (меншік иесі) –  "Жарас” ЖШС-ға зиян келтіре отырып, заңсыз әрекеттерін жалғастырады. Жеке сот орындаушысының ұсынысы бойынша "Жарас" ЖШС банкрот болған компаниядан сатып алған мұнайды теміржол арқылы жеткізу тоқтатылды.

"Вагондар жеке сот орындаушысы Сермахановтың қаулысы бойынша жолдан алынды. Алайда бұл әрекет өкілеттікті асыра пайдалану ретінде қарастырылуы мүмкін, өйткені "Қазақстан темір жолы" ұлттық тасымалдаушысы (ҚТЖ) қажетті құжаттаманы қарағаннан кейін вагондарды жөнелтуді мақұлдады", - деп хабарлады “Жарас” ЖШС.

Нәтижесінде, "Жарас" ЖШС банкрот болған компанияның мұнай өнімдеріне ақы төлесе де, сот орындаушының ұсынысы бойынша сатып алынған мұнай көлемін алған жоқ. Қазіргі уақытта жүк теміржол қоймасында қаңтарылып тұр. Әділдікке қол жеткізу үшін "Жарас" ЖШС сотқа жүгінді. Компания сот орындаушысын ҚТЖ Маңғыстау филиалының қызметкерлерімен сөз байласты деп айыптайды, соттан оның қаулысын заңсыз деп тануды және сатып алынған мұнайды заңды және адал сатып алушыға жөнелтуді сұрайды. Сот бүгін басталады. Процесте судья Бағдат Байғожаев төрелік етеді. Біз сот процесінің барысын қадағалайтын боламыз.