×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда автогаз бағасы бензинмен теңесуі мүмкін

08.11.2023, 13:32
Қазақстанда автогаз бағасы бензинмен теңесуі мүмкін
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің айтуынша, елде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өскен. Бұған көлігін газға ауыстырған жүргізушілердің көбеюі себеп.

«Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер болуы мүмкін», - деді ол.

Сәтқалиев қазақстандықтар көліктерін жаппай газға ауыстыра беретін болса, импортқа тәуелділік тууы мүмкін екенін жоққа шығармады. 

«Мұндай қарқынмен келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал», - деді министр.

Еске салайық, бұдан бұрын Алмасадам Сәтқалиев баға өсетінін ескертіп, қазақстандықтарға өз көліктерін сұйытылған газға ауыстыруға асықпауға кеңес берген.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігі үш өңірге газ жеткізуде іркілістер барын мойындаған.

Қазақстан сұйытылған мұнай газын автомобиль көлігімен әкетуге үш жыл мерзімге және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салды. Энергетика министрлігі бұл шектеу елдің ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қазақстаннан автогаз әкетуге тыйым бұған дейін де салынғанын айта кеткен жөн. Мұндай бұйрықтар 2017 жылы да шығарылған, құжаттар сұйытылған мұнай газын автомобильдермен шетел асыруға 3 жылға тыйым салды. Алайда бұған дейін теміржол көлігіне қатысты шектеу болмаған.

Қаңтар-шілде айларында елімізде өндірілетін отынға жалпы сұраныстың 85%-ға жуығы қазақстандық автогаздың негізгі сатып алушылары саналатын бес елден түсті:

  • Тәжікстан – 186,7 мың тонна;
  • Алжир – 139,3 мың тонна;
  • Түркия –114,1 мың тонна;
  • Польша – 79,2 мың тонна;
  • Ауғанстан – 38,9 мың тонна.