Әлеуметтік желіде кезекті жауыннан кейін су басқан Алматы көшелерінің видеосы тарап, тұрғындар қозғалыс қиындағанын жазып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, әдетте жауын кезінде қаланың төменгі аудандарын су басса, бұл жолы Достық даңғылының бойындағы аулаларда да тобықтан асатын су жүруге мүмкіндік берер емес.
Алайда қала әкімдігі коммуналдық қызметтер ауа райының өзгеруіне сақадай-сай екенін мәлімдеді.
“9 қараша күні сағат 09:10-дан бастап Алматы қаласында жаңбыр жауа бастады, жауын-шашын 10 қарашаның таңына дейін болады деп болжануда. Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада жауын-шашын мөлшері 0,4-0,5 мм құрады.Осыған байланысты арық желілері арқылы судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, ықтимал су басудың алдын алу және жою мақсатында 39 кезекші бригада, 184 бірлік арнайы техника, 22 мотопомпалар және 804 жол жұмысшылары жұмылдырылды. 1850 қап құм жиналды”, – делінген хабарламада.
Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылғаны атап өтілді.