Алматы базарларының иелері заңсыз құрылыс есебінен сауда алаңдарын ұлғайтқан

Ulysmedia

Алматы базарларының аумағындағы заңсыз құрылыс алаңы 350 мың шаршы метрді құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөз

Алматы қаласының құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, базар иелері құрылысқа рұқсатсыз сауда павильондарын салып, жалпы сауда алаңын заңсыз ұлғайтқан. Осындай 60 базардың 37-сінде әкімшілік шара қолданылған.

«Заңсыз павильондардың салынуына байланысты базарлардың жалпы сауда алаңының айтарлықтай артқанын ерекше атап өткен жөн. Оның 7-і бойынша ішінара бұзу туралы сот шешімі бар. Заңсыз павильондардың салдарынан жалпы сауда алаңы орта есеппен үштен біріне өсті. 30 базарға қатысты соттарда талап арыздар қозғалып жатыр», - делінген хабарламада.

Еске салайық, қарашаның басында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Алтын Орда» базарындағы заңбұзушылыққа қатысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасы Болат Назарбаевқа айып тағылып жатыр ма?” деген сұраққа жауап берген болатын.

Бұған дейін «Алтын Орда» базары Болат Назарбаевқа жақын құрылымдарға тиесілі екені бірнеше рет айтылған. Қаңтар оқиғасынан кейін базарда бірнеше рет тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталды.