Биылғы қымбатшылық 2008 жылдан бергі ең жоғары шекті қайталады

Аян Өрібай

Қазақстанда инфляцияның өсімі барынша орнықты сипатқа ие болып отыр. Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осылай деді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

«Биыл сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады. Бағаның ай сайынғы өсуі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды», - деді Ерболат Досаев үкімет отырысында.

Оның айтуынша, маусымдық тазартылған базалық инфляция, яғни көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%-ке жоғары болған.  

«Ет, көкөністер, май және қант бағасының өсімі байқалады. Осы тауарлардың азық-түлік компонентіне қосатын үлесі биылғы жылғы мамыр-тамызда 2,55 пайыздық тармақты құрады. Еттің қымбаттау факторларының арасында осы жылдың 7 айында жем-шөптің 25%-ке қымбаттауына байланысты әлемдік бағаның және ішкі өндірушілер бағасының өсуін атап өтуге болады. Жем-шөп дақылдарының құны ет өндірісінің өзіндік құнының 70%-ін құрайды», - деді ол.