Отбасы банк екінші деңгейлі банктер тізімінен шығарылады: Халықтың ақшасына кім кепілдік береді

Аян Өрібай

Мәжілісте бүгін тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы қарастырылып жатыр. Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функциялары заң жобасы шеңберінде Отбасы банкке берілетінін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Шарлапаевтың сөзінше, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету  жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осыған байланысты Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру көзделген. Отбасы банк берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады.

«Отбасы банкіне аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асыратын болады», - дейді ол.

Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық банк Отбасы банкіне қатысты мынадай қадағалау функцияларын сақтайды:

  • қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау;
  • валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу;
  • қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
  • ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;
  • бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа.

Отбасы банкін екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр.

Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады.