Илон Маск антисемиттік астары бар даудан кейін Израильге ұшып барады

Ғалиасқар Думан

Бірнеше күн бұрын антисемиттік астары бар твит жазған мультимиллиардер Илон Маск 27 қарашада Израильге ұшады. Израильде ол ел президентімен және Хамас тұтқынында болған азаматтардың туыстарымен кездесуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Таяуда Израиль президенті Исаак Герцогтың баспасөз қызметі оның Илон Маскпен алда кездесетінін жариялады.

Президент кездесуде интернеттегі антисемитизммен күресудің қажеттігі турасында мәселе қозғамақ.

15 қарашада Маск еврейлер мен солшылдар Еуропа мен Солтүстік Американың ақ халқын Оңтүстік елдерден келген иммигранттармен алмастыру үшін дүниежүзілік қастандық жасап, оны "ұлы алмастыру теориясын" деп атаған авторды қолдаған еді.

– Сіздің айтқаныңыз шын мәнінде ақиқат, — деп жауап берген Маск конспирологқа.

Бұл сөзді бірақ Ақ үйге дейін айыптап шықты. Ал бірнеше ірі компания X (бұрынғы Twitter) компаниясының жарнамасын уақытша тоқтатты.

Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.