Жамбыл және Түркістан облыстарында қар кептелісінде қалып қойған автокөліктерден 5 мыңнан астам адам құтқарылып, эвакуацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сондай-ақ, Жетісу облысының жолдарында 70-тен астам адам құтқарылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, Жамбыл облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 450-ден астам адам және ТЖМ, ІІМ, қорғаныс министрлігі, "Қазавтожол", жергілікті атқарушы органдарынан 230 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ өзара іс-қимыл шеңберінде көмек көрсету үшін келген Қырғызстан ТЖМ-нің 42 маманы мен сегіз техникасы қатарға қосылған.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, барлық жол бағыттары бойынша 2708 адам құтқарылды, оның ішінде 94 бала бар. 2464-і үйлеріне қайтарылса, 244 адам алты жылыту пунктерінде қалып отыр.
“5 азамат (1 нәресте, 4 ересек) Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жағдайлары тұрақты, дәрігерлердің бақылауында", - делінген хабарламада.
Түркістан облысында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға ТЖМ бөлімшелерінің, жол қызметтерінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың 450-ге жуық қызметкері мен 140 техникасы тартылған.
"Қазавтожол" хабарлағандай, ауа райының нашарлауына байланысты (ауа температурасының төмендеуі, жаңбыр, жауын-шашынның көп түсуі, боран, қатты жел, көрінуді шектеу) бес облыстағы республикалық маңызы бар автожолдардың сегіз учаскесінде қолданылатын көлік қозғалысына шектеу енгізілді.