Отбасылық тирандар үйден қуылады, психотерапиядан өтеді - заңдағы өзгерістер

Ulysmedia

Оларға әлеуметтік бейімдеу орталықтарынан уақытша орын беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ІІМ бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен мәжіліс депутаттары бірлесіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытында заңға түзетулер әзірледі. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров ведомствода өткен брифингте кейбір тармақтарға тоқталды:

- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту (қазір әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қамауға алу мерзімі 10 тәулік)

- сотқа агрессорды үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастыру құқығы беріледі.

- сот агрессордың денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы.

- ІІМ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрады.

2023 жылы жауапкершілік күшейе түсті. Не өзгерді?

Спикер 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция жәбірленушінің мәлімдемесінсіз де тергеу жүргізе алатынын еске салды. Үйдегі тиран сотта бір рет қана татуласа алады.

"Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 2 есеге артты. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар бағытындағы құқық бұзушылықтар, оның ішінде тұрмыстық қылмыстар туралы хабарламаларды тіркеу 14%-ға төмендегені байқалады", - деді Зулхаиров.

Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды.

Желтоқсан айында елде отбасылар үшін мінез-құлық ережелері мен жаңа этика енгізілетіні хабарланды. Құжат биыл ұлттық құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Астанада БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылған «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбында Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясында мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейтетін заң жобасы үкіметке ұсынылғанын айтқан болатын.