Майқайыңда автобус құлаған шұңқыр жер ойылып, тағы бір шұңқыр пайда болды. Осыған байланысты экскаваторды шығаруға шешім қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа шұңқырдың тереңдігі – 3 метр, оның түбінде жер босап тұр. Құтқарушылар мен экскаватор шұғыл жоғары шығарылды.
Бұған дейін төтенше жағдайдалар министрлігі "Майқайыңалтын" АҚ аумағында опырылған жердің барлық периметрі бойымен жарықшалар пайда болғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, төмен температура мен қатты боран жұмысты қиындатуда. Мұның бәрі құтқарушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» компаниясы кенішінің шұңқырына автобус құлаған болатын. Автобуста жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелері қаза тапқан екі адамның денесін тауып, алып шыққан. Екі адам әлі табылмай жатыр.
4-22 қаңтар аралығында құлаған жерге айналма жол жасалды. Жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелді кеңейту және тереңдету кезінде екі жүз мың тоннаға жуық топырақ пен тау жыныстары әкелінді. 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жеке заттар, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары табылып, жер бетіне шығарылған.
Ал Бас прокуратураның ақпаратына қарағанда, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.