Алматыда крематорий 2021 жылдың соңына дейін салынып бітеді

Ulysmedia

Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың айтуынша, аталған нысанның жұмысы бүгін де аяқталып қалған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

 «Нысанды біз крематорий деп атаймыз. 2020 жылы патологоанатомиялық бюроны іске қостық. Бұл – ЖЭО-2-ден де маңызды. Аталмыш нысан – осы патологоанатомиялық бюроның филиалы. Оның функционалдық міндеті – биологиялық және медициналық қалдықтарды жою», - деп нақтылады Сапар Нұрашев.

Басқарма басшысы қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып қалғанын жеткізді.

«Ішкі нысан құрылғысының іске қосу және жөндеу монтажы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Құрылғы Чехия Республикасынан әкелінген. Қазір өндіруші компанияның өкілдері келіп, монтаж жұмыстарын атқаруда», - деді Сапар Нұрашев.

Ол 2021 жылдың соңына дейін нысан толығымен салынып бітетінін айтып өтті.

Айта кетсек бұған дейін Сапар Нұрашев крематорийді пайдалануға беру мерзімі 2021 жылдың қыркүйегіне жоспарланып отырғанын мәлім еткен еді. Оның айтуынша, пандемиядан кейін аса қауіпті биологиялық қалдықтардың көп мөлшері жиналып қалған. Олардың қатарында медицина маскасы, костюмдері, пакеттер мен бинттер, шприцтер, ПТР-тест алуға арналған құралдар бар. Крематорий ЖЭО-2 нысанына жақын жерде орналастырылады.