Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Таиландта қазақстандық балалардың жоғалып кететіні туралы хабарламалар пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстаннан балалар ұрланатынын репродуктолог-дәрігер Иван Мельников хабарлады.
"Біздің қазақстандықтар Тайландта балаларын жоғалтады. Әйелім екеуміз Таиландқа баратын едік, бірақ естігеннен кейін, әрине, балалармен бармаймыз деп шештік. Бұл оқиға менің кейбір таныстарыма қатысты емес. Бірінші оқиға - менің әріптестерімнің таныстары, ал екіншісі - әйелімнің таныстары. Бірінші жұп Таиландқа 5 және 2 жастағы екі баламен барған. Балалар ұйықтап жатып, 20 минут ішінде жоғалып кеткен. Әке-шешесі келіп балаларын таппай қалған", - дейді блогер өз парақшасында.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Таиландта балаларды ұрлау туралы жаңалықтар жалған екенін айтты.
"Бұл жаңалық жалған әрі ескі ақпарат. Ол мезгіл-мезгіл ТМД елдеріндегі ақпараттық өрісте пайда болады. Биыл соңғы үш айда біреу осы "жаңалықты" белсенді түрде таратып жатыр", - деді Смадияров.