Жалған ақпарат тарату құтқару жұмыстарына кедергі - Балаева

Оралхан Қожанов

Еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева су тасқыны туралы ақпараттың дәлдігі маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде жазба жариялаған министр жалған ақпарат таратудың салдарын атап, әуелі анық-қанығын білу маңызды екенін жеткізді.

Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан өте күрделі төтенше жағдай орын алуда. Премьер-министр деңгейінде арнайы штаб құрылды. Оның жұмысын Мемлекет басшысының өзі үйлестіреді. Бұл ретте әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар да тарап жатыр. Кейбір азаматтар ақпараттың шынайылығын тексермей, таратып жібереді. Бұл онсыз да су тасқынының бел ортасында апатпен күресіп жатқан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қиындата түседі. Бұл техникалық құралдардың тапшылығы жағдайында тиімді жұмысқа орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан ақпарат тарату кезінде оның дұрыстығына көз жеткізуге шақырамыз. Жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады, - деп жазды Аида Балаева. 

Естеріңізге салсақ, Олжас Бектенов су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді.