×
451.38
487.22
5.14
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
451.38
487.22
5.14

«Түгел жуып жатырмыз, бәрі қан»: Бишімбаевтың үй қызметшісін сотқа шақыру өтініші түсті

18.04.2024, 15:31
Коллаж: ulysmedia.kz.

Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сотта сотталушы Бақытжан Байжановтың телефоны әлі зерттеліп жатыр. Түстен кейін Байжановтың телефонынан Қуандық Бишімбаевтың бөлменің бәрі қан екені жайлы жазған үй қызметшісінің хабары оқылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Түгел жуып жатырмыз, бәрі қан. Бұл Кәрімнің бөлмесі (Бишімбаевтың ұлы). Ол жерге не үшін барған? Матрас жуылды, жуылды. Содан кейін аударып, қойдық. Келген кезде қараңыз. Кілемдерді химиялық тазалау орнына тапсыру керек, - деп жазды үй қызметкері Гүлшара Бақытжан Байжановқа 2023 жылдың 18 наурызында.

Бишімбаевтың айтуынша, бұл жерде 9 наурыздағы ерлі-зайыптылардың жанжалы жайлы айтылып отыр. Сол күні Салтанаттың денесінен жарақат анықталған еді.

– Бұл 9 наурыздағы жанжал еді. Бұл әйел келіп, 10, 11 наурызда тазалады. Содан кейін кілемдерді тазалау үшін келген сияқты. Бұл Салтанат емес қан, менің қаным. Ыдыс-аяқ, әйнек сынғандықтан, мен оны аяғыммен басып кеттім, тыртығы бар. Таңертең оянып, басып қалып, аяқты кесіп алдым. Сол күні Кәрімнің бөлмесінде түнедім. Сондықтан ол үйдегі палас сондай жағдайда, - деді сотталушы Бишімбаев.

Одан қабырғаларға қанның қалай шашылғаны сұралған. 

– Қабырғадағы қан емес, балмұздаққа толы банкі тұр еді. Еріп кеткен балмұлдақ бұл, - деп түсіндірді ол.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова аталған үй қызметшісін жауап алу үшін сотқа шақыруды сұрады.

Судья Айжан Құлбаева өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Алайда, егер аталған үй қызметшісінің деректері, оның мекенжайы табылса, адвокаттар оны сотқа шақыру туралы өтінішін қайталай алатынын атап өтті.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.

10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары