Қазақстанда мониторинг топтары жұмысын қайта күшейтеді

Аян Өрібай

Бұған көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуал себеп болып отыр. Тиісті тапсырманы үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Асқар Мамин берді,  деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Барлық өңірде вирус жұқтыру деңгейі, ауыр жағдайдағы науқастардың, стационарда және амбулаторияда ем алып жүргендердің саны азайды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл аймақтан» шықты, қазір онда тағы 4 өңір қалды, сары аймақта 4 өңір, жасыл аймақта – 9. Дегенмен көрші елдердегі жағдайды да ескеру керек. Барлық өңірде шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету қажет, мониторинг топтары күшейтілген режимде жұмыс істеуге тиіс», - деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, вакциналау қарқыны айтарлықтай жақсарған жоқ.

«Қазіргі уақытта 8,3 миллионнан астам адам бірінші компонентті, 7,5 миллионнан астам адам екінші компонентті алды. Елорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары вакциналау қарқының күшейтсін. Әкімдіктер мен денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелері мен қоймалардағы дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға тексеру жүргізіп, олардың қажетті көлемінің болуын қамтамасыз етсін», - деді ол.