Петропавлда әскер қатарына алынған екі жігіт қашып кеткен

Ulysmedia

Петропавлда әскерге шақырылғандардың арасында екі жігіт бөлімге бара жатқан жолда пойыздан қашып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті

Оларға іздеу жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, оқиға 27 сәуір күні кешкі уақытта болған. 

 

Қарағанды облысының 85510 әскери бөліміне қызмет өткеру үшін жаңадан шақырылған 2003 және 2004 жылы туған мерзімді әскери қызметшілер Петропавл қаласының станциясында «Самара-Қарағанды» пойызына отырып, сағат 19:39-да вагоннан рұқсатсыз, белгісіз уақытта шығып кетті, –делінген хабарламада.

Жігіттер Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының 2024 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «жеке» шенімен міндетті әскери қызметке шақырылған. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, облыстың жергілікті әскери басқармасының бастығы мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрық шығарған сәттен бастап азамат әскери қызметке шақырылған болып саналады. Әскери қызметші қызмет орнына бару және кері қайту кезінде де әскери қызмет міндеттерін атқарады.  

Ұсталған жағдайда сотталуы мүмкін

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 2024 жылғы 29 сәуірде тіркелді. Қатардағы жауынгер Құсайынов пен Коваленкоға іздеу жарияланды, – деп мәлімдеді ведомство.

Қылмыстық кодекстің 442-баптың 2-тармағы бойынша жігіттер дезертирлеу, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетінше тастап кету, сол сияқты сол мақсатта қызметке келмеген жағдайда олар бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.