×
478.58
520.84
5.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.58
520.84
5.44

Салтанаттың әкесі мен оның адвокаты Бишімбаевқа қандай үкім күтетіндерін айтты

13.05.2024, 10:13
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бүгін әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасты. Судья Айжан Құлбаева процеске қатысушылардың алқа билерге қойылған сұрақтарын оқыды. Көп өтпей алқа билер шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Салтанаттың әкесі Амангелді Нүкенов Қуандық Бишімбаевты айуанға теңеп, оны өмір бақи түрмеге қамайды деп үміттенетінін айтты.

– Күнде өліп, күнде тіріліп жатырмыз. Бүкіл әлем өмір бақи түрмеге қамау керек деп айтып жатыр. Біз қазақпыз. Біз дала заңын құрметтейміз. Мен бұл айуан өмір бақиға сотталады деп үміттенемін, – деді Амангелді Нүкенов.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова экс-министр Қуандық Бишімбаевқа 20-25 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін деп болжайды.

Соттағы соңғы сөз

6 мамырда сотталушылар соттағы соңғы сөзін айтты. Қуандық Бишімбаев алқа билерге жүгініп, олардың сотқа қатысуын өзі сұрағанын, Құдайға сенетінін, Салтанаттың өлім аузында жатқанын білмегенін мәлім етті. Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрады. Өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, оларды кінәламауды өтінді.

Бақытжан Байжанов та бұрынғы сөздерін қайталады. Салтанаттың отбасына, жақындарына көңіл айтып, олардан кешірім сұрады. “Мен ант етемін – сол кезде Салтанат өлім аузында жатқанын білмедім” дейді ол.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары